Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нақты мүмкіндік туып тұр": Заңгер Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға қайтару туралы айтты

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында есірткі сатпақ болды деген күдікпен ұсталған. Ол Қытай түрмесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген еді. Тұрлыбайды осы жылы Қазақстанға экстрадициялайды деп күтуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жөнінде заңгер, Sezimtal қоғамдық қорының құрылтайшысы Сұңқар Нұрмағамбетов Facebook парақшасында жазды. Ол Ақжарқынмен бірге дәл осындай жағдайға ресейлік Мария Дапирканың да тап болғанын айтты. Қыздардың туған жерлеріне биыл оралуына мүмкіндік туып отыр.

"2014 жылы Ақжарқын Тұрлыбай Гуанчжоу әуежайында ұсталған. Дәл сол жылы Хошимин қаласында (Вьетнамның оңтүстігіндегі қала – ред.) Ростов қаласының тұрғыны Мария Дапирка тұтқындалды. Орталық Азия мемлекеттері арасындағы есірткі айналымын реттеу органы қыздарды нигериялық есірткі сату тобының құрбандары болды деп таныған, олардың екеуі де сотталған және өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Ал Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға жақын арада табыстайды деп күтеміз. Мария Дапирканың трансферіне пандемияның және әлемдегі Ресей Федерациясының жағдайы әсер етуі мүмкін. Қыздардың туған жеріне оралуының оңтайлы мүмкіндігі туып тұр", - деп жазады Сұңқар Нұрмағамбетов.

Заңгер сонымен қатар сот шешімін қайта қарау мен Тұрлыбайды қайтарудың нақты уақыты белгіленбегенін қосып өтті.



Еске салайық, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Алматыдан Қытайға, Гуанчжоуға аттанған. Бұл сапарға шығуға қызды арасында Нигерия азаматтары болған достары итермелеген. Олар Ақжарқыннан фирмалық киімдерді Гуанчжоудан Малайзияға салып жіберуге қолқа салған. Бірақ Гуанчжоудан кеткен бойда қыз ұсталып, оның чемоданынан есірткі табылады.

Тұрлыбайдың айтуынша, ол чемоданның ішінде не бар екенін білмеген. Нигериялық есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушы А.Н. сол күйі ұсталмаған, ал оның сыбайласы Ақжарқын Тұрлыбайға қарсы куәлік бермеген.

2019 жылдың соңында Гуанчжоуда Тұрлыбайға қатысты үкім шығып, сот оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кеседі.

Ақжарқынның адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасында сотталғандарды отанына жіберу туралы келісім болғанын еске салған болатын. Сол заңның аясында қызды үйіне қайтаруға мүмкіндік тумақ.

Талқылау