Кішкентай бала қауіпсіздік белдігін тақпай қойғаны үшін ұшақ рейсі тоқтатылды
Канадада кішкентай бала ұшақ әуеге көтерілер кезде орындығына тұрып алып, қауіпсіздік белдігін тағудан бас тартқан. Салдарынан әуе кемесі көтеріле алмай, рейс тоқтатылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі fox5vegas басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Porter Airlines әуе компаниясының мәліметінше, Канаданың Виктория қаласынан Торонтоға ұшатын рейс кішкентай бала қауіпсіздік белдігін тақпағандықтан тоқтатылды. Ұшақ Тынық мұхиты уақытымен сағат 23:03-те ұшуы керек болған.

Ұшақ әуежай терминалынан шығып, ұшу жолағына қарай бет алған. Алайда кішкентай бала орнында тік тұрып алып, қауіпсіздік белдігін тағудан бас тартқан. Баланың ата-анасы мен бортсеріктер белдікті бекітуге тырысқан. Десе де нәтиже болмаған.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, бала белдік тақпаған жағдайда ұшақты әуеге көтеруге болмайды. Сондықтан ұшақ қайтадан терминалға оралған. Экипаж арнайы телескопиялық көпірді ұшаққа жалғап, баланы ата-анасымен бірге түсірген. Олардың жүгін алып, қажет құжаттарды қайта рәсімдеген.
Бұл жұмыстар аяқталған кезде түнгі сағат 00:30-дан асып кеткен. CTV News мәліметінше, дәл осы уақытта әуежайдың ұшу жолағы түнгі уақытқа жабылады.
Porter Airlines болған жағдай үшін басқа жолаушылардан кешірім сұрады. Жолаушылар Викторияда бір түн қонған соң, 7 тамыз күні өз бағыттары бойынша ұшты.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы-Астана бағыты бойынша ұшатын рейске екі мас жолаушы мінгізілмегені туралы жазған едік.
Хлор мен уксусты араластырып ыдыс жуған қазақстандық әйел ауруханадан бір-ақ шықты