Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Dimash tea: Димаш неліктен шәй өндірумен айналыса бастады?

Қазақстанның ғана емес, Қытайдың сүйікті әншісіне айналып, бүкіл әлемді бағындырып келе жатқан Димаш Құдайберген 23 тамыз күні жаңа жобасының тұсауын кесті. Ол оның өнерін құрметтейтін әріптестерін, жақындарын Алматыдағы The Ritz-Carlton Almaty қонақ үйіне жинап, Dida Capital Partners компаниясымен бірлесіп шығарған “Dimash” деп аталатын шәйін ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Әнші де, оның ата-анасы Қанат және Светлана Айтбаевтар да осы шәй халықтың көңілінен шығып, оң бағасын алар деп үміттенеді.

“Енді біздің кішігірім өніміміз сіздердің көңілдеріңізден шығады деген ниеттеміз”, — деді Димаш Құдайберген салтанатты шараның ашылу барысында.

Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтар БАҚ өкілдеріне Димаштың шәйін шығару туралы ойдың қалай келгенін, өніммен жұмысқа қанша уақыт кеткенін айтып берді. Сонымен қатар, жас әншінің болашақтағы жоспарларымен бөлісіп, әлемдік деңгейдегі концерттеріне де тоқталып өтті.

“Шәй деген өзі қазақ үшін, біздің менталитетіміз үшін өте жақсы атрибут қой. Дастархан жайып, оның басына барлық ағайын туыстарды жинап, бір құманнан шәй ішкенді жақсы көрмейтін қазақ кемде-кем. Себебі, шәй ел ортасындағы ынтымақтастықтың нығаюына, ауызбіршіліктің артып, ағайын-бауырлардың бір-бірімен арақатынасын жақсара түсуіне әсер ететін дүние. Біз осы өнімді жасау барысында жоғары білімді технологтардың емес, шәйдің құрамын, сапасын жақсы білетін өзіміздің айналамыздағы апалар мен әжелеріміздің көмегіне жүгіндік. Өнім олардың үлкен талғамынан өткен соң ғана, ары қарай өндіріске жол тартты. Шәй жақсы нәтиже береді деп ойлаймыз. Сонымен қатар, өнімде ерекше назарға алғанымыз— бағасы. Оны біз қолжетімді етуге тырыстық. Жалпы, біздің Қазақстанда өндірілетін өнімнің халыққа қолжетімді бағада болуы маңызды, — дейді Димаштың анасы Светлана Айтбаева.

Dimash деп аталатын шәй Қазақстанның барлық қалаларында сатылатын болады. Дегенмен Димаш Құдайбергеннің Қытайда жанкүйерлері көп екені белгілі. Егер өнімге көрші мемлекетте сұраныс болса, болашақта шәй Қытайға да экспортталады.

“Шәйді ең алдымен қазақ жерінде Қазақстан халқына ұсынамыз. Оны жасап дайындауға жарты жылға жуық уақыт кетті. Осындай жұмыстың нәтижесі халыққа жақсы жағынан көрінсе екен дейміз. Болашақта Қытай халқының сұранысына қарай өнім оларға да жол тартады. Негізінен, осы шәйдің ерекшелігі — табиғи емес өнімдердің жоқтығында. Біз оның сұрыптарын жасаған кезде көптеген апалардың басын біріктірдік. Оларға ұнаған дәмдерді араластырып, осындай өнімге қол жеткіздік. Апаларымыздың таңдауы басқа тұрғындардың, тұтынушылардың көңілінен шығады деп ойлаймыз”, — дейді әншінің әкесі Қанат Айтбаев.

 

Димаш Құдайбергеннің Қазақстандағы және әлемдегі жанкүйерлері де осындай өнімнің жарық көргеніне қуанышты. Олар әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында әншіге табыс тілеп, қолдау көрсетуде.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау