Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қырымды Украинаға Хрущев сыйлаған”. Қытайдың Франциядағы елшісі бұрынғы кеңестік республикалардың егемендігіне күмән келтірді

ҚХР Франциядағы елшісі Лу Шай КСРО мемлекеттерінің елдігі мен егемендігіне күмән келтірді. Тіпті сөзінде Қырым Ресейдікі дегенді де айтқан деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қытай елшісінің даулы сөзін ВВС жазды. Онда француз телеарналарының бірінде Лу Шай “бұрынғы КСРО елдерінің халықаралық құқықта тиімді мәртебесі жоқ. Өйткені олардың егемендігін айқындайтын, әрі нақты форма беретін халықаралық келісім жоқ" деп мәлімдеді.

“Тарих бар. Яғни Қырым о баста Ресейге тиесілі болды. Бірақ Хрущев Кеңес Одағы тұсында Украинаға сыйға тартты”, – дейді Қытай елшісі. 

Дипломаттың сөзін Латвия, Литва және Эстония мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері қатты сынға алды. Тіпті бұл мәлімдемеге байланысты Қытай Үкіметінен түсініктеме беруді талап еткен. 

Осылайша көп ұзамай ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин Қытай ұстанымын жариялады.

"Қытайдың тиісті мәселе бойынша ұстанымы өзгерген жоқ. Аумақтық егемендікке келетін болсақ, Қытайдың ұстанымы әрқашан айқын болды. Қытай барлық елдердің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейді және БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптерін қолдайды. Біз Украина дағдарысын саяси реттеуге үлес қосу үшін халықаралық қауымдастықпен жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Қытайдың украин мәселесі бойынша ұстанымын дұрыс түсінбеуде және Қытай мен тиісті елдер арасында алауыздық туғызып әлек. Сондықтан біз бұл мәселеде қырағы болуымыз керек", –  деді Мао Нин.

Сонымен қатар ол Қытайдың КСРО құрамында болған барлық республикалар егемендігін құрметтейтінін атап өтті.

Талқылау