Қырғызстандағы сел: Тағы екі қазақстандық баланың денесі табылды
Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабының мәліметінше, тағы 2 баланың мәйіті табылды. Олар лай көшкіні салдарынан жоғалып кеткен Қазақстан азаматтары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: mir24.tv
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың көмегімен жедел түрде құжаттар рәсімделіп, қажетті рәсімдер жүргізіліп жатыр. Қаза тапқандардың туыстарына қазақстандық дипломаттар барынша көмек көрсетіп жатыр.
"Жақын арада қаза тапқан 4 баланың барлығының денесі Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің бортында Отанына жеткізіледі", – делінген хабарламада.
Жұма күні кешке Ноокат ауданында жойқын сел болды. Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан сел он ауланы басып, Әбшір-Ата ауылындағы екі көпірді зақымдады. Тескей-Қожоқ ауылында 15 шаруашылық пен жергілікті мектеп зардап шекті. Қара-Бұлақ ауылында лай ағындары көлік пен көпірді алып кеткен. Тәжі-Қыштақ ауылында сел жеті аула мен бірнеше сарайды басып қалды. Ош-Раззақов тас жолындағы көпір зақымданған.
Еске салсақ, бұған дейін Қырғызстанда алапат сел жүріп, сегіз адам қаза тапқаны туралы жазған едік.