Қырғызстанда сел салдарынан із-түзсіз жоғалып кеткен тағы екі апалы-сіңлілі қыздың денесі табылды
Қырғызстанның Ош қаласында сел салдарынан із-түзсіз жоғалып кеткен тағы екі апалы-сіңлілі қыздың денесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі
Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Оштағы сел салдарынан жоғалып кеткен 19 жастағы қыз бен оның 10 жасар сіңлісінің мәйітін Өзбекстанның Әндіжан қаласында Шахрихонсой суару каналынан тапқан.
Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, қаза тапқандардың денесі сағат 14:30-да табылып, кейін Әндіжан қаласындағы мәйітханаға жеткізілген.
Бұған дейін Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі олардың 6 жасар сіңлісінің мәйіті сол каналдан табылғанын, оны да сел алып кеткенін хабарлаған. Сондай-ақ құтқарушылар Өзбекстан шекарасына жақын маңдағы Ақ-Буура өзенінен қаза тапқан үш баланың анасының денесін тапқан еді.
Сонымен қатар министрлік 15 шілдеде табиғи апат салдарынан жоғалып кеткен тағы бір әйелге іздеу жариялады.
Еске салайық, Ош қаласында 14 шілдеде сел болды. Қала әкімдігінің хабарлауынша, "Мол-Бұлақ" демалыс аймағында ана мен үш қызын сел алып кеткен. Табиғи апат салдарынан құтқарушылар Озгур ауылындағы "Бөрүбай-Ата" демалыс аймағынан 500-ден астам адамды қауіпсіз жерге көшірді.
Қырғызстан министрлер кабинетінің мәліметінше, 20 сәуір мен 1 шілде аралығында республика бойынша 230-дан астам сел оқиғасы тіркелген. Көктем басталғалы Қырғызстанда сел салдарынан ондаған адам қаза тапты. Соңғы екі лай көшкіні салдарынан кем дегенде 17 адам қаза тапқаны белгілі болды.