Қырғызстанда прокурор экс-президент Алмазбек Атамбаевты 11 жылға соттауды сұрады
Қырғызстанда 2019 жылы тамызда болған Қой-Таш ауылындағы тәртіпсіздікке қатысты сот процесі өтіп жатыр. Айыптаушы тарап бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: AkiPress
Прокурор экс-президент Атамбаев пен Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің тоғызыншы қызметі бұрынғы қызметкері Қанат Сағымбаевты 11 жылға соттауды сұрады. Айыптаушы тарап бұл іс бойынша тағы үш айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
2019 жылдың 7 тамызында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасақтары Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясына басып кіруге әрекеттенген. Келесі күні ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен күшімен резиденцияның иесін ұстау бойынша кезекті арнайы операция жүргізілді.
Қауіпсіздік күштері Алмазбек Атамбаевты Қой-Таштан алып шығып үлгерді. Қолдаушылар қауіпсіздік күштеріне тас лақтырып, дөңгелектер мен қоқыстарды өртей бастады. Екі күн бойы болған қақтығыстарда 136 адам жарақат алды. Арнайы жасақтың бір сарбазы оқ жарақатынан қаза тапты.
Қырғызстанның бұрынғы басшысына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Ол Қой-Таш ауылындағы тәртіпсіздік, сыбайлас жемқорлық және ақшаны жылыстату бойынша айыпталды.
Оған түрік азаматтарына заңсыз төлқұжат берді және 2020 жылдың қазан айында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылды, бірақ бұл баптар бойынша ол ақталды.