Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кипр мен Қазақстан үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес құруға келісті

президенттер
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Тоқаев Кипр президенті Никос Христодулидиспен келіссөз жүргізіп, екіжақты сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Тараптар екі елдің экономикалық ынтымақтастығының жол картасын әзірлеуге, Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құруға келісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астанада өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Тоқаев Қазақстан мен Кипр арасындағы экономикалық байланыстың әлеуеті жоғары екенін айтты. 

Мемлекет басшысының сөзінше, тараптар өзара сауда көлемін ұлғайтуға, инвестициялық қарым-қатынасты дамытуға және іскер топтар арасындағы байланысты күшейтуге ерекше назар аударған.

“Қазақстан-Кипр экономикалық ынтымақтастығының жол картасын әзірлеуді ұсындым. Сонымен қатар үкіметаралық комиссия және іскерлік кеңес құру жөніндегі бастамалар көтерілді. Бұл қадам бірлескен жобаларды іске асыруға, өзара сауда-саттықты арттыруға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға жол береді”, – деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, логистика, қаржы, туризм және цифрлық технологиялар салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік мол. Осыған байланысты екі ел үкіметтеріне нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берілген.

Сонымен ұатар Тоқаев кипрлік серіктестерді Транскаспий халықаралық көлік бағыты жобасына қатысуға шақырды.

“Кипр – әлемдік деңгейдегі теңіз державасы. Орта дәліз аясында Қазақстанның құрлықтағы және Кипрдің теңіздегі инфрақұрылымын тиімді ұштастыруға мүмкіндік зор. Бұл Орталық Азия, Каспий және Жерорта теңізі өңірлері арасында жаңа көпсалалы логистика жүйесін қалыптастыруға жол ашады”, – деді мемлекет басшысы.

Қазір Қазақстанда Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істейді. Оның ішінде 30-ға жуық кәсіпорын Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген.

Өз кезегінде Кипр президенті Никос Христодулидис Қазақстанға жасаған сапарын тарихи сәт деп атады. Сонымен қатар бұл Кипр республикасының президенті дәрежесіндегі алғашқы ресми сапары екенін айтты.

Оның сөзінше, екі ел арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары саяси, экономикалық және стратегиялық бағыттар бойынша айтарлықтай нығайған.

“Бүгін жоғары білім, ғылыми зерттеулер, мәдениет, спорт, инновация, цифрлық басқару және ақпараттық технологиялар салаларында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар екіжақты ынтымақтастықтың зор әлеуетін нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік береді”, – деді Христодулидис.

Кипр басшысы Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды экономикалық және көлік хабы ретіндегі рөлі ерекше екенін айтты. Оның пікірінше, Кипр Еуропалық одаққа шығатын сенімді қақпа ретінде қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер ұсына алады.

Келіссөздер барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді де талқылаған. Президенттер халықаралық құқық қағидаттарын, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізгі шарты екенін ерекше атап өтті. 

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев пен Кипр президенті екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылағаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 13:47