Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол адам спорттан кетуі керек": Альберт Линдердің інісі спортшының өліміне кінәлілерді атады

Қазақстандық ауыр атлетші Альберт Линдердің туған інісі Семен Линдер ағасы мен өзінің медальдарын жерге көміп тастағанын айтып, оның өліміне қатысты Instagram парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Семен Линдер, Альберт Линдер

"Мен бауырсыз қалдым! Енді құны жоқ медальдарды да көміп тастадым. Олардың маған, тіпті ағама қажеті жоқ", – деп жазды ол.

Альберт Линдердің інісі спортшы көз жұмғанға дейін қандай мәселелерге тап болғанын айтты. 

"Ағамның алға қойған мақсаты болды, ол ауыр атлетикамен өмір сүрді. Бұл ісін бәрінен артық жақсы көрді. Спортқа жан-тәнімен берілді, зілтемірді қатты жақсы көрді, сол арқылы өзін таба алды. Оның мақсаты мен арманы көп болатын. Еліміздің патриоты еді. Қазақстан туын мақтанышпен көтеруді мақсат тұтты. Ол ешқашан ешкімді алдаған емес, бәріне көмектесуден жалықпайтын кең жүректі адам болды. Ағамның жақсы қасиеттері туралы ұзақ айтуға болады", - деп жазды Семен Линдер.

Семен Линдер ағасының өзін-өзі өлтіруіне не себеп болуы мүмкін екенін де айтты. 

“Ол спортқа келгенде бұндай болатынын білген жоқ. Көп жылымызды біз жаттығу залында өткіздік. Ол депрессияға түсіп кетті. Спортты жанындай сүйетін азамат өз-өзін ұстай алмады. Соған қарамастан жаттығуды үзбей, Қазақстан құрамасымен бірге жүрді. Қасында мен болдым. 

Інісінің айтуынша, Альберт жаттығу кезінде күйзеліске түсіп, қолын сындырған.

Ағамның қалай қиналғанын, онымен қоса 5 күн бойы нәр татпастан жаттығу жасағынын бәрі көрді. Оған ешкім көмектескісі келмеді. Қолын сындырып алған соң ғана ешкімді жанына қоспастан үйге жіберді. Бұның бәрін істеген адам, оның жеке бапкері әрі Қазақстан құрамасының аға бапкері.

Ағам бәрін жақсы қабылдап жүретін. Спорттан кеткеннен кейін де ол барлық ауыртпалықты көтерді. Жаттықтырушысы бірнеше рет келіп, дәл сол күйінде жаттығуды жалғастыруға көндіріп көрді. Дәрігерлерге апарудың орнына, шіркеу мен мешітке апарды. Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы мәселемен осылай күресетін. Бұдан соң ағамның жаттығу жасамайтынын түсініп, оны тастап кетті. 

Жеңіс шыңында сен бәріне керексің. Ал сен төменге түссең, ауыстыра салады. Ол ауыр атлетикасыз өмірден өзін таба алған жоқ. Ол ештеңе деместен кетіп қалды. Ағам кетті”, – деп жазды спортшының інісі. 

Ол сондай-ақ мұндай жаттықтырушы балаларды жаттықтырмауы қажет екенін айтты.

"Ол спорттан кетуі керек. Бұл әрекетінен кейін қалайша жаттықтырушы ретінде қызметін жалғастырып жатқанын елестете алмаймын", – деп толықтырды Линдер.

Ол кінәлі адамның заң бойынша жазаланатынына үміт білдірді.

Айта кетсек, 17 қыркүйекте 25 жастағы дарынды спортшы, ауыр атлет Альберт Линдер көз жұмған болатын. Ол өзіне қол жұмсаған. Спортшының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Альберт Линдер 1996 жылы 13 қаңтарда Талдықорған қаласында дүниеге келген. 2017 жылы 24 жасында Ашхабад қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарды. Одан кейін тамыз айындағы Универсиадада 69 келі салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тақты. Сол кезде Линдер үш мүмкіндіктің екеуін ғана пайдаланып, чемпион атанды.

Талқылау