Қылмыстық атқару жүйесі департаменті сотталған Мейіржан Төребаевтың неліктен үйінде жүргенін түсіндірді
Желіде қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін бес жылға сотталған вайнер Мейіржан Төребаевтың үйнде жүргені түсірілген видео пайда болды. Павлодар облысы Қылмыстық атқару жүйесі департаменті оның неліктен босатылғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото желі кадрларынан
Мейіржан Төребаевтың жұбайы Дана Есеева күйеуінің үйде балаларымен бірге түскен видеосын жариялады. Айтуынша, Мейіржан Төребаев заң бойынша қысқа мерзімді демалысқа жіберілген.
"Балалары бақыттан басы айналып жүр. Кішілері кездескеннен бері оған көптеген сұрақтарын жаудырып жатыр. Ал үлкендері бәрін түсініп, саналы түрде жанында үнсіз отыр. Жақын арада Павлодарға қайтадан оралатынын түсініп, құшақтайды. Онда Мейіржан күндіз Еңбек РМК-да жұмыс істеп, кешке мекемеге оралады", – деп жазды Есеева.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі Алматы аудандық сотының үкімімен бес жылға сотталған Мейіржан Төребаев №44 мекемеде жазасын өтеп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар оның сол жақта жұмыс та істейтіні айтылды.
"Қылмыстық-атқару кодексінің 113-бабының негізінде 2024 жылғы 17 мамырда Мейіржан Төребаевқа мекемеден тыс жерлерге шығу, атап айтқанда, 2024 жылғы 17 мамырдан бастап 2024 жылғы 27 мамырға дейін (жол ескеріле отырып) Алматыда 11 күнтізбелік күнге анасының ауруына байланысты қысқа мерзімді демалыс берілді", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін аппеляциялық сот вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың жаза мерзімін өзгеріссіз қалдырған еді.