Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алматы облысында қызды кілем қағуға шыққанда алып қашып кеткен": Бойжеткен оқиғаның қалай болғанын айтып, көмек сұрады

Алматы облысында қыз ұрлау әрекеті орын алды. Оқиға 1 ай бұрын, яғни 16 шілде күні болғанымен Алматы облысы Жамбыл аудандық полиция департаменті әлі күнге дейін әрекетсіз отыр. Бұл туралы "НеМолчи" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қыз үй ауласында ұрланған. Ол қорқып, қатты күйзеліске түскендіктен, оқиға туралы жақ ашып айта алмаған. Жәбірленуші қазір жанына әжесі мен туыстарынан басқа ешкімді жолатпайды. 

"Сағат 9-да кілем қағу үшін аулаға шықтым. Сол кезде үш адам келіп мені сүйреп алып кетті. Қатты қорықтым. Бір уақытта көршімнің үйінде екенімді түсіндім. Олар мені тыныштандыру үшін шай берді. Алайда оны ішкен соң есімді жоғалта бастадым. Содан кейін олар ингалятор арқылы дем алуға мүмкіндік берді. Есімді жинасам, айнала толы балалар. Мені не себепті ұрлап әкеткенін әлі күнге дейін түсінбеймін. Әйелдердің бірі маған егер кетсең, көршінің анасы өз-өзіне қол жұмсайды деп айтты. Мен намаз оқитындықтан, бұл сөздер психикама қатты қысым жасады", – деді қыз.

Қыздың айтуынша, оны алып кетуге келген туыстарын үй иелері соққыға жыққан. 

"Кешке қарай анамның оларға біз бұлай келіскен жоқпыз деп айқайлап жатқанын естідім. Бір уақытта көрші жігіт келіп, менің жаныма жатып алды. Ол мені сүйгісі келді, бірақ оған болмайды деп айттым. Көрші жігіт маған тиіскен жоқ, бірақ ренішін білдірді. Кейіннен оның екі рет психиатриялық ауруханаға жатып шыққанын білдім. Сол күні үйде 15 адам болды. Туыстарым екінші рет келіп мені күшпен алып кетті, бірақ үй иелері туыстарымды соққыға жықты. 

Ол жерден кеткеніме қанша уақыт болса да, әлі күнге дейін қорқамын. Үрейленіп ұйықтай алмаймын. Бірде олардың көлігін үйдің жанынан көрдім. Тіпті келіспесең, жігіт пен анасы өз-өзін өлтіреді, сосын сені кінәлі қыламыз деп қорқытқан қоңыраулар да болды. Бұл жағдайға өз анамды толықтай кінәлі деп есептеймін", – деді әбден қорқып қалған қыз. 

Ал "НеМолчи" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі 1 ай бойы қыздың өзі айтпайынша бұл тақырыпты қозғай алмағанын жеткізді. 

"Оқиғаның болғанына тура бір ай. Пікірлердің көшілігінде анасының қатысы бар екені айтылуда. Алайда қыздың өзі айтып бергенше бұл тақырыпты қозғай алмадық. Әлі ешкім жазаланбады. Алматы облысы Жамбыл аудандық полиция департаменті әрекетсіз отыр. Оның үстіне қыздың туыстарына қатысты іс қозғалды. Толықтай абсурд.

Бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы - адам ұрлау қылмысы екені анық. Біздің құқық қорғау органдары "қыз қайтарылды" деп бұл бапқа қатысты іс қозғамайды. Бірақ туыстары қызды екі күннен кейін ғана алып кете алған. Тіпті қызды мәжбүрлі түрде ұстап отыру - бөлек бап. Анасы да жауапқа тартылуы керек. Қыз оның жеке меншігі емес. Бұл іске қылмысты жабу әрекеттерін тоқтатып, қызды қорғайтын мықты адвокат керек. 

Ол ауылда зейнеткер әжесімен бірге тұрады, колледжді енді ғана бітірген. Олардың мықты адвокатқа ақшасы жоқ. Әжесі мен немересін қорғауға көмек беруіңізді сұраймын!" - деп жазды Дина Таңсәрі. 

Алматы облысы Жамбыл ауданы полиция бөлімінің хабарлауынша, жәбірленуші мен ер адам екеуі бұрыннан таныс болған.

“Жамбыл ауданының полиция бөліміне 15.07.2023 ж. Р.  есімді азаматшадан Қызыласкер ауылында Ж. есімді азамат  некеге тұру мақсатында қызды алып қашқандығы туралы арыз келіп түскенін хабарлаймыз.

Аталған дерек ҚР ҚК 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы адам ұрлау) бойынша аудандық полицияда тіркелді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 1995 жылғы Ж. есімді азаматты орнатып, жеткізді. Ол жәбірленушімен бұрыннан таныс екенін және осылайша онымен некеге тұрғысы келетінін жеткізген.

Қазіргі уақытта сараптамалық тексерулер тағайындаумен оқиғаны шешудің объективтілігін, жан-жақтылығын және толықтығын қамтамасыз ету мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Тергеу мүддесі үшін өзге  ақпарат жария етуге жатпайды” – делінген хабарламада.

Талқылау