Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кейбір қазақстандықтарға кредит беруге тыйым салынбақ

Парламент мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде қауіпті барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: wfin.kz

Енді несиені төлеу мерзімі тоқсан күннен асып кеткен азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредит беруге тыйым салынады. Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақтың айтуынша, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 8,5 миллион қазақстандықтың қаржы ұйымдарының алдында 19 трлн теңге берешегі бар, оның ішінде 8,2 млн азаматтың кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша берешегі 10 трлн теңге болды. Ал 1,6 млн азаматтың 1,7 трлн теңгеге проблемалы кредиттері бар (90 күннен артық мерзімі өткен).

"Проблемалы борышы бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі. Бұдан басқа банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық өтемеге тұтынушылық кредит бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады", – деді Шапақ мәжіліс отырысында.

Сондай-ақ проблемалық кредиттерді коллекторларға сату бойынша да өзгеріс енгізіледі.

Депутаттың айтуынша, кейінгі жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары өз балансын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық кредиттерін айтарлықтай жеңілдікпен коллекторларға беру практикасы қалыптасқан.

"Сондықтан да қарыз алушылардың мерзімі өткен берешекті реттеу құқығын қорғау үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың кредиттерін төлем мерзімі өткен кезден бастап 24 айдан соң және кредитор берешекті реттеу рәсімдерін жүргізгеннен кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылады", – деді ол.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 890 мың қазақстандықтың 382 млрд теңге қарызы коллекторлық агенттіктерге берілген.

"Осыған орай, жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу бойынша коллекторлардың тікелей міндетін енгізу ұсынылады", – деді депутат.

Бұдан бөлек қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу үшін заңнамалық тұрғыда тұтынушылық кредит деген ұғым енгізіледі. Бұл оның ең жоғары мәнін (банктер үшін – 5 млн теңге, МҚҰ үшін – 2 млн теңге) нормативтік деңгейде шектеуге мүмкіндік береді.

"Қосымша шектеу шарасы ретінде жаңа макропруденциялық норматив – азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредиттері бойынша жиынтық берешегінің қарыз алушының табысына қатынасы енгізіледі", – деді Шапақ.

Бұған қоса заң жобасына сәйкес, банк омбудсманы азаматтардың барлық кредиті бойынша дауды реттеуге міндеттеледі. Сондай-ақ банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар үшін банк омбдусманының шешімдерін орындау міндеті енгізіледі.

Сондай-ақ қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова елімізде 500 мыңға жуық жастың тұтынушылық кредиті бар екенін айтты. 

"Қазір 18-20 жас аралығындағы 480 мың, шамамен 500 мың адамның тұтынушылық кредиті бар. Оның ішінде проблемалы кредиті бар адамдар саны — 47 мың жас", — деді агенттік төрағасы. 

Оның атап өтуінше, бүгін мәжілісте 1-оқылымда мақұлданған "Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында жастарға тұтынушылық кредит беруді шектеу тетіктері қарастырылған. 

"Бұрын олар ресми түрде табысы болмаса да, кредит ала беретін. Енді шәкіртақысы не жалақысы, яғни ресми табысы болса ғана беріледі. Жалпы кредит алу — адамның конституциялық құқығы. Дегенмен оның табысына байланысты шектеу қоя аламыз", — деді Мәдина Әбілқасымова.

Талқылау