Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кешірім сұраймын": Ғабидолла Әбдірахымов Арыс тұрғындарының талаптарына жауап берді

Шымкентте Арыстан эвакуацияланған тұрғындар қала әкімімен кездесуді талап етіп, мешіттің маңындағы жолды жауып тастады. Артынша сол жерге жеткен Ғабидолла Әбдірахымов тұрғындарды сабырға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Сурет: azattyq.org/скриншот

«Проблемалары бірге шешуіміз керек. Арыс қаласы ашылғаннан кейін жөндеу жұмыстары басталады. Президент Арыста қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы тапсырма берді. Әкімдікте 700 адам жұмыс істеп жатыр. Олардың бәрі Арыс тұрғындарына жәрдемдесуде. Бәрін тамақтандырды. Егер қандай да бір ағаттықтар болса, кешірім сұраймын. Ұрыс-керіс шығармайық. Шудың керегі жоқ», - дейді Әбдірахымов.

Жиын барысында Арыс тұрғындарының кейбірі өздеріне Шымкенттен баспана беруді сұрады. Өз кезегінде Әбдірахымов қалада 130 мың адамның үй кезегінде тұрғанын айтты. Кейбірінің кезекте тұрғанына он жыл болды, дейді ол.

«Шымкенттен үй беруді талап етесіздер. Қалада 130 мың адам, мүгедектер мен табысы төмен жандар баспана кезегінде тұр. Мен оларға: «Сендерге үй бермеймін. Үйлерді Арыс тұрғындарына беремін», - деймін бе? Олар да сіздер сияқты менен сұрауы мүмкін. Кейбірінің кезекте тұрғанына 10 жыл болды. Арыс – жақсы қала, станция. Экономикасы дамиды. Ертең-ақ ол жерде ешқандай оқ-дәрі болмайды. Бәрін шығарады. Жаңа үйлер, жолдар салады», - дейді Шымкент әкімі. 

Айта кетсек, бүгін, маусымның 27-сі күні, шамамен сағат 11 кезінде Арыс тұрғындары Шымкенттегі «Бекжан» базары мен «Ақмешіт» мешіті алдындағы көшені жапты. Олар Арыс қаласындағы жарылыстан кейін аталған мешітті уақытша паналап жатқан болатын. 

Шымкент қалалық әкімдігінің шенеунігі наразы халықты мешітке қарай шақырғанымен, жұрт оған бағынудан бас тартты. Әкімнің келуін күтетінін, үй мен жер беруін сұрайтынын жан-жақтан айтты

Талқылау