Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Керегесі көгеріп, қабырғасы опырылып жатыр: Қарағанды облысының тұрғындары "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған үйдің сапасына шағымдануда

Қарағанды облысының Қаражал қаласына қарасты Жәйрем кентінің тұрғындары 10 жыл бойы кезекте тұрып, қол жеткізген баспана  үмітімізді су сепкендей басты деп ашынып отыр. Олардың айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасымен берілген көп қабатты үйдің сылағы сырылып түсіп, қабырғалары көгеріп кетіпті. Наразы тұрғындардың назын Stan.kz тілшісі тыңдады. 

Жәйрем кентіндегі 85 пәтерлік үй осыдан үш ай бұрын ғана пайдалануға берілген. Алайда көптен күткен баспана бақытына кенелген тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Кезінде қаңырап бос қалған бұл үйді қайта жөндеу үшін 520 млн теңге бөлінген. Бірақ жасалған жұмыстардың сапасы сын көтермейді дейді халық.

“Жаз бойы ауылдың жас балаларына күніне 1000 теңгеден ақша төлеп, балаларға жасатқан. Ал енді міне ешқандай құрылыс саласынан хабары жоқ балалардың жасаған жөндеу жұмыстары қопарылып түсіп жатыр”, – дейді Жәйрем кентінің тұрғыны Раушан Ахан.

Жалпақ жұрттың уәжі "жаңадан алынды" деген су мен кәріз құбырлары бұрын да пайдаланылған дегенге саяды. Онысы аздай жабыстырылған кафельдері түсіп,  сапасыз сылағы опырылып жатқан көрінеді. Жәйрем кентінің тағы бір тұрғыны Дастан Жайықтың үйдің сапасына айтары өкпесі қара қазандай. Ол еденнің шұрық-тесік бұрыштарынан қыс мезгілінде жел соғатынын айтады. 

“Үйді алғанымызға үш ай болды. Жөндеу жұмыстарының сапасы нашар. Бұрыштағы саңылауға екі саусағыңыз оңай сыйып кетеді. Қазір жел үрлемесін деп бітеп қойып отырмыз”, – дейді тұрғын. 

Сонымен қатар қабырғалары сыз тартқан көп қабатты үйдегі кейбір пәтерлер тіпті көгере бастаған. “Баспананың бөлмелері дымқыл тартқанда, тынысымыз тарылады”, – дейді көп балалы ана Айдана Рахымжанова. 

“Көшіп келгелі көгеріп жатыр. Екі айлық балам бар. Аурудан көз ашпаймыз. Балаларымының тамақтары қарылып, кеуделері сыр-сыр етіп, әлі жөтеліп жүр”, – дейді ол.

Тұрғын үйді қабылдап алған Қаражал қаласының әкімдігінің мамандары кеткен кемшілікке түгелдей мердігерді кінәлайды. Ал егер компания мәселені шешпесе, сотқа беруге әзірміз деп отыр.

“Мердігер ұйымға ескертулерді жою үшін 24 қаңтарға дейін уақыт берілді. Кемшілікті мерзімінде түзелмеген жағдайда мердігер ұйымды кепілдік міндеттемелер шеңберінде ескертулерді жою жөніндегі жұмыстарды орындауға міндеттеу үшін сотқа талап арыз берілетін болады”, – дейді Қаражал қалалық тұрғын үй коммуналды шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сауытбаев.  

Айта кету керек, Қарағанды облысы бойынша жұмысына салғырт қараған 7 мердігердің ісі бүгінде сотқа жіберіліпті. Компаниялар соттан жеңіліс тапса, қара тізімге ілігеді.

Талқылау