Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кепілде тұрған үй екен": Алматы облысы тұрғындары арзан үй аламыз деп алданып қалған

Алматы облысында арзан бағада үй алмақ болған тұрғындар алданып қалғанын кеш білген. Толық сомасын төлеп, бірнеше ай ішінде қоныс тойын тойлаймыз деген жұрт енді әділдік іздеп сабылып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қаскелең қаласынан арзан үй сатылады деген жарнаманы көрген жұрт баспаналы болуға асыққан. Көбі сегіз миллион теңгеден астам соманы толық төлсе, кейбірі бөліп төлеуге үй сатып алған. Бірақ бірнеше ай ішінде кілті беріледі деп уәде етілгенімен, түрлі мәселелер шыға бастады дейді жұрт. 

Әуел баста қожайыны құжаттарының барлығы дұрыс деп сендірген, кейін тұрғындар оның уақыты әлдеқашан өтіп кеткенін біліпті. Анықталғандай ғимарат сатылмай тұрып банкте кепілде тұрған. Ал баспана сатушылар бұл туралы жақ ашпаған. 

"Осы жерге банк өкілдері келді. Олар бұл үй кепілде тұрғанын, қарыз ақшасы бар, әуелі соны төлеу керек екенін айтты. Құжаттардың барлығы ескі екен, маған бұрынғы 2006, 2014 жылғы құжаттарды көрсетті. Бұл үй толықтай жөндеуден өтіп, содан кейін ғана сатылу керек екен негізі", – дейді Алматы облысының тұрғыны Әлия Аманкелдіқызы. 

Қыруар қаражатты санап беріп далада қалған тұрғындар үйдің жағдайын білу үшін осында күн сайын келеді екен. Бірақ жұмыс істеп жатқан компанияны да, құрылысшыларды да байқамапты. Кейбірі үйіне жөндеу жұмысын жүргізіп, сыртына есігін де орнатып қойған. Бірақ күннің суығында мұнда тұру мүмкін емес дейді. 

"Мен үйдің ішіне үш миллион теңгеден астам қаражат жұмсап жөндеу жүргіздім. Өзім анемиямен ауырамын. Жақындарыма жалтақтамай тезірек өзімнің үйіме көшкім келді. Біз сатып алған кезде бірнеше айда үй толық бітеді деген. Бірақ әлі істелген жұмысты көрмедік. Бәріміз жиналып полицияға арыз жаздық", – дейді алданған тұрғындардың бірі Айгүл Сүлеева. 

Олардың сөзінше, алданған адамдар саны бұдан да көп. Облыстық полиция департаментінің мамандары тергеу басталғанын айтты. 

"Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша Қарасай аудандық полиция басқармасында тіркелді. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр", – деп түсіндірді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин. 

Талқылау