Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кеншілер 55 жастан бастап арнайы төлем алады: Заң президентке қол қоюға жіберілді

Сенат зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға әлеуметтік төлемдерді есептеуді көздейтін "Қоғамдық бірлестіктер мәселелері туралы" заңды мақұлдап, президентке қол қоюға жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат - азаматтардың қоғамдық бірлестіктер құру рәсімдерін жеңілдету және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру.

Төлемді кемінде жеті жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген жағдайда 55 жасқа толған тұлғалар ала алады. Сондай-ақ, төлем алғысы келетіндер зиянды еңбек жағдайында жұмысын тоқтатуы керек. Қызметкер жеңіл еңбекке ауыса алады немесе еңбек шартын бұзуға құқылы.

"Атап айтқанда, қолданыстағы "Қоғамдық бірлестіктер туралы" Заңға азаматтарымыздың қоғамдық қатынастарда құқығын одан әрі кеңейтіп, азаматтық қоғам құруда жаңа мүмкіндіктер беретін нормалар енгізіліп отыр. Яғни қоғамдық бірлестіктерді құруға қажет адамдардың санын 10 адамнан 3 адамға дейін азайту ескерілген.
Сонымен қатар, әлеуметтік және еңбек кодекстеріне еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнайы әлеуметтік төлем енгізу бойынша түзетулер жасалды. Бұл төлемді еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда, сондай-ақ кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса, жұмысынан кеткенде немесе басқа жеңіл қызметке ауысқан кезде алады", - деді сенатор Әсем Рахметова.

Әлеуметтік төлемдер төрт  бағыттан тұрады:

- бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;

- жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;

- сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;

- бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.

"Сонымен қатар, бұл азаматтардың 55 және 63 жас аралығында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын алу уақытын өз бетінше айқындау құқығы қаралды. Арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін іске асырылады. Бұдан басқа, қызметтік міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі нормалар ұсынылды. Оларда мыналар көзделген: сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақысы сомасының 6 пайызына дейін шегінде оңалту шараларына арналған шығыстарды өтеуі, сақтандыру ұйымдарының зардап шеккен қызметкерді санаторий-курорттық емдеуді 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтеуі, сондай-ақ жазатайым оқиға нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде қызметкердің кінәсін ескермеу. Мұнымен қоса, Үкіметтің құзыретіне айлық жалақының ең төменгі мөлшерін айқындауда әдістемені бекіту жөніндегі функцияны енгізу және мемлекеттік еңбек инспекторларының өкілеттіктерін күшейту жөніндегі түзетулер енгізілді. Осылайша, қабылданған шаралар жұмыскерлерді зиянды өндірістік факторлардың әсерінен босатуды ынталандыруға бағытталған және мемлекет, жұмыс беруші, өмірді сақтандыру компаниясы, бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры арасындағы ортақ жауапкершілікті теңдей бөлуді ескереді", - деді сенатор.

Сенат депутаттары екі оқылымда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдап, президентке қол қоюға жолдады.
 

Талқылау