Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кең дала 2" бағдарламасы арқылы алғашқы несие беріле бастады

"Бәйтерек" Холдингінің құрылымына кіретін "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ "Кең дала 2" негізгі мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді (АШТӨ) қаржыландыруға ресми түрде кірісті. Көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін жеңілдетілген несиемен ерте қаржыландыру іске асырылуда. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық маңызды қадамы.

Қаржыландырудың басталғаны аграрлық қоғамдастық тарапынан жоғары қызығушылық тудырды. "Кең дала 2" бағдарламасы бойынша Корпорация жалпы сомасы 82,3 млрд теңгенің 694 өтінімін қабылдады.

"Кең дала 2" бағдарламасы фермерлерге жаңа ауыл шаруашылығы маусымына алдын ала дайындалуға мүмкіндік беретін стратегиялық шешім. Қаражатты ерте бөлу өте маңызды: бұл фермерлерге жанар-жағармайды, минералды тыңайтқыштарды, тұқымдарды, өсімдік қорғау құралдарын тиімді (егіс маусымы басталғанға дейін) бағамен сатып алуға және техниканы уақтылы жөндеуге мүмкіндік береді. Осы оңтайлы тәсіл тәуекелдерді төмендетеді, егіс шығындарын азайтады және өнімділікті арттырады. Бұл фермерлер нық сеніммен жұмыс істеу үшін барлық жағдайларды жасау керектігі жөнінде Мемлекет басшысының қойған міндеттеріне толық сай келеді.

Бұл саясаттың жетістігі тарихи динамикамен де расталады: "Кең дала" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелеудің жалпы көлемі өсуде – егер 2023-жылы ол 140 млрд теңгені құраса, 2025-жылы 500 млрд теңгеден асты.

Бағдарлама айналым қаражатын толықтыруға несие беру үшін серіктестердің кең желісі арқылы іске асырылатын кешенді қаржы құралы. Қаржыны Аграрлық несие корпорациясының филиалдарынан (тікелей қарыз алушылар үшін), кредиттік серіктестіктер (КС), екінші деңгейлі банктер (ЕДБ), микроқаржы ұйымдары (МҚҰ), өңірлік инвестициялық орталықтар (ӨИО) және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арқылы да алуға болады.

Қолжетімділіктің негізгі факторы жеңілдетілген жылдық сыйақы ставкасы: несие 5%-бен беріледі. Айта кету керек, несиелер нарықтан тартылған қаражат есебінен беріледі, бұл бюджетке түсетін жүктемені азайтады.

Фермерлердің кепілдік жүктемесін азайтуға ерекше назар аударылды: қарыз сомасының 85%-ы "Бәйтерек" холдингінің еншілес компаниясы – "Даму" КДҚ" АҚ кепілдігімен қамтамасыз етіледі. Тек қалған сома мен сыйақыны кепілмен фермер өзі қамтамасыз ету қажет, бұл қаражатқа қол жеткізуді едәуір жеңілдетеді.

"Кең дала 2" бағдарламасын іске қосу Холдинг ішіндегі стратегиялық басымдықты айқын көрсетеді. "Даму" КДҚ арқылы 85% кепілдік беру тетігін енгізіп, Аграрлық несие корпорацияның мүмкіндіктерін пайдаланып қана қоймай, біз аграрлық сектордағы кредиттік тәуекелді қабылдауды өзгертеміз. Бұл жеке қаржы институттарының қатысуы үшін болжамды және қауіпсіз жағдайлар жасайды және маңызды мемлекеттік қолдаудың әрбір фермерге тиімді және уақтылы жетуін қамтамасыз етеді, осылайша еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің іргетасын нығайтады", - деді бағдарламаның елдің қаржы жүйесі үшін стратегиялық маңыздылығына тоқталған "Бәйтерек" холдингінің Басқарушы директоры Нияз Қошкімбаев.

"Кең дала 2" бағдарламасын іске асыру және оның қаржыландыру көлемін рекордтық деңгейге жеткізу "Бәйтерек" Холдингі мен оның еншілес ұйымдары отандық АӨК-ті қолдаудың тұрақты және технологиялық жүйесін құру жөніндегі стратегиялық міндетті тиімді орындап жатқанын растайды.

STAN.KZ
Сейсенбі, 25 Қараша, 2025 17:44
Талқылау