“Кемел Тоқаев аудиториясы” ашылғаннан кейін қысым басталды": ҚазҰУ оқытушысы өзінің себепсіз жұмыстан қуылғанын мәлімдеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің оқытушысы Дастан Қастай өзінің себепсіз жұмыстан қуылғанын мәлімдеді. Оған журналистика факультетінде Кемел Тоқаевтың атындағы аудиторияның ашылуынан кейін қысым жасалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың университетте Кемел Тоқаевтың аудиториясын ашу кезінде журналиске жасаған әрекеті сынға ұшыраған болатын. Ол тілшінің сұрағына жауап беруден бас тартып, қызметкерлерінің оны күштеп сүйреп шығармақ болғанына көз жұма қараған еді.
Басшылықтың оқытушыға шүйлігуіне әлеуметтік желіде ректордың осы әрекетін сынап, пікір жазуы себеп болыпты. Осыдан кейін ол өзіне жұмыс орны басшылығы тарапынан қысым жасалып жатқанын айтты.
“Оқытушылық жұмысымның алтыншы аптасы басталғанда ешбір "ойға қонымды" себепсіз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі жұмыстан шығарылдым. Университет тарапы неліктен мұндай қадамға барғанына қатысты түсінік беруден бас тартты. Көз алдымда менің азаматтық құқым тапталып, оқытушылық болмысыма, кәсіби қызметіме нұқсан келіп жатыр. ҚазҰУ басшылығына, әміршіл-әкімшіл жүйені шеберлікпен жүзе асыратын жандарға “Тәуелсіздік ұрпағының” ұстанымы, санасы ашық азаматтық оқытушылық амбициясы ұнамаса керек. Менімен айқас жазушы-журналист “Кемел Тоқаев аудиториясы” ашылғаннан кейін басталды”, – деп жазды Қастай Facebook желісінде.
Ол "Кемел Тоқаев" атындағы аудиторияның ашылуын түсіруге, университет басшылығының есептік-науқандық сыпатқа ғана мән беретінін танытуға келген журналист-әріптестеріме (бірқатар тәуелсіз баспасөз) жасалған қысас – мәселенің бергі жағы екенін айтады. Тәуелсіз БАҚ-тың "Тоқаев атындағы аудиторияға қатысты" ақпаратынан кейін журналистика факультетінің оқытушылары қатты қысымға ұшыраған.
“Нақты дәлелі – жылдар бойы ұстаздарымның парасатымен жетіліп, шетелде білім алып, кейіннен профессорлардың шақыртуымен дәріс беруге барған жұмысымнан шығып қалуым (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультеті оқытушылығынан)”, – деп толықтырған жазба иесі.
Осылайша Дастан Қастай жұмыстан негізсіз босатылуының бірнеше себебін атайды.
Желіде шыққан шудан кейін жоғары білім және ғылым министрі Cаясат Нұрбек жағдайға қатысты пікір білдіріп, оқытушының жұмыс орнында қалатынын мәлімдеді.
"Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас оқытушысы Дастан Қастайдың әлеуметтік желідегі ашық хатына байланысты оқу ордасының басшылығымен тікелей байланыстым және ұстаздарды жұмыстан шығару немесе қудалау фактілері болмауы керектігі бойынша кеңестерімді бердім.
Қазіргі уақытта Дастан Қастай бауырымыздың жұмыстан шығарылғаны туралы бұйрық жоқ екендігін және журналистика факультетіндегі қызметін жалғастыра беретіндігін баршаңызға қуанышпен жеткіземін”, – деп жазды министр.