"Қазір күлетін кезең бе?": Бір топ депутат кино саласын сынап, премьер-министрге сауал жолдады
"AMANAT" партиясы фракция депутаттары қазақ кино саласын сынап, премьер-министрге үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Жанарбек Әшімжан мен Аманжол Әлтай бастаған халық қалаулылары қазақ киносының кемшін тұстарын атап өтті.
“Өткен 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шығыпты. Соның 56-сы – комедия. Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз. Жалпы, қазір күлетін кезең бе?! Картиналар жыл сайын 30 фильмге толыққан. Кассадан түскен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам касса жинаған. Бірақ көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Көбі тарихи, экшн, комедиялық, авторлық фильмдер. Ұлттық кинолардың қатары тым аз. Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы қазақстандықтар 17 млн 47 мың 524 рет киноға барса, соның үштен бірі – алты миллионға жуығы отандық фильмдерді тамашалаған. Сұраныс жоқ емес, бар! Әлеуметтік сауалнама бойынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқан. Алайда, ұлттың есін екеу, түсін төртеу етіп, бала-шағасымен театрға түнететін өнім болмай тұр”, – деді мәжілісмендер.
-
Депутаттар мобильді аударымдарға белгіленген шек – 255 мың теңгені өзгертуді талап етті
-
Депутат университетте оқу ақысының жоғары екенін айтып, бағаны бақылауға алуды ұсынды
Одан кейін қазақ киносын жақсарту жолын айтып, ұсыныс тастады.
“Бірінші, бүкіл мемлекет бойынша (мейлі мемлекет болсын, мейлі жеке тұлғалар болсын) түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құру;
Екінші, мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беру;
Үшінші, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын бұзуды қатаң қадағалау;
Төртінші, халықты арнайы ұлттық киноларды көрсететін кинотеатрлармен қамтамасыз ету. Бұл орайда жауапкершілікті арттыру мақсатында "Кинематография туралы" заңды қатаңдату бағытында бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенімізді жеткіземіз”, – делінген сауалда.