"Қазан айындағы жағдайдан кейін денсаулығым оңалмады": Әли Оқапов қатты ауырып қалғанын айтты
Танымал әнші, композитор Әли Оқапов ауырып қалды. Қаншама дәрі-дәрмек ішіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінсе де, оңала алмай жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің айтуынша, дәрігер берген дәрілерді үш дәріхананың есігін тоздырып, әрең тапқан.
“Иммунитетім әлсіреп тұр. Соның кесірінен сырқаттанып қалдым. Алайда дәл қазір ауыратын уақыт емес еді. Жақындарыңызды қорғап, денсаулықтарыңызды күтіңіздер! Ауырып қалсаң, өте қымбатқа емделесің. Үш дәріханаға барып, дәрігер тағайындаған дәрілерді таптым. Негізі менің жүйкем сыр беруден бастады. Қазан айында болған маған қатысты оқиғадан кейін тәуір бола алмай жүрмін. Сол кезде өзімді тастап жібергенде отбасым мені Таиландқа алып барды. Ол жақта өзіммен жұмыс істеп, өзіме кішкене келгендей болдым. Бірақ бірінші күні ұшқанда өзімді жаман сезіндім. Жағдайым күрт нашарлап кетті”, – дейді өнер иесі. Сондай-ақ әнші елге оралып, жұмыстарына кіріскенде тағы ауырып қалған.
“”Шетелден жақсы демалып, елге келгенде жұмыс күтіп тұр еді. Концерттерге қатысу, түсірілім, жобалардың бәріне қатыстым. Бірақ желтоқсан айының ортасына дейін ғана денсаулығым шыдады. Жұмыс пен емхананың ортасында жүрдім. Ештеңе өз жоспарлағаныңдай болмайды екен. Денсаулыққа салғырт қарамау керек”, – дейді әнші.
Өнер иесінің айтуынша салмағы да тұрақсыз болып кеткен. Бірде артық салмақ қосып алса, енді бірде салмақ жоғалтқан көрінеді.
“Денсаулығымның сыр беруіне дұрыс тамақтанбағаным да әсер етіп тұр. Қазір салмақ қосып алдым. Қазан айындағы оқиғада көп салмақ жоғалтып едім. Ойлана келе фитнес клубқа барамын деп шештім. Соңғы рет Зейін туғанда барып едім. Жаңа жылдан кейін өзімді қолға алып, қалыпты салмағыма келемін”, – дейді композитор.