Қазақстанның сыртқы қарызы қанша екені белгілі болды
Ұлттық банк 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызының көлемін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Бұған дейін Ұлттық банк статистикалық ақпараттың шығу кестесіне сәйкес тоқсан аяқталғаннан кейін 90-күні сыртқы қарыз бойынша деректерді жариялап отыратын еді. Енді оған қосымша елдің сыртқы қарызын алдын ала бағалау кестесі де жарияланатын болады.
“Мұндай жарияланымдар тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың соңғы күнінде, тиісті кезең үшін төлем балансын алдын ала бағалау туралы ақпарат шығарумен бір мезгілде жүзеге асырылады”, – делінген хабарламада.
-
Қарағанды облысы қарызға белшеден батты: Өңірдің борышы бес жылда бірнеше есе көбейген
-
Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек – Тоқаев банктерге тапсырма берді
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 165 миллиард 630 миллион долларды құрады. Оның 91 миллиард доллардан астамы тікелей инвестициялар. Тағы 13,2 миллиард доллар - банктердің қарызы (2,4 миллиард доллары - Ұлттық банктің қарызы), 12,7 миллиард доллар - мемлекеттік басқару органдарының қарызы. Қалған 45,5 миллиард доллар қарыз басқа секторларға тиесілі.
Ұлттық банк мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылғы 1 қаңтарда сыртқы қарыздың көлемі 161 миллиард 163 миллион долларды құраса, 2024 жылдың 1 қаңтарына қарай қарыз 163 миллиард 551 миллион долларды құраған.
Еске салсақ, бұған дейін энергетика министрлігі еліміздегі АЭС құрылысы шетелдік несиелер есебінен салынатынын мәлімдеген еді.