Қазақстанның үш аймағында карантин күшейтілуі мүмкін
Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында карантин күшейтілуі мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай, халықты жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, шетелдегі ҚР азаматтарын елге қайтаруды ұйымдастыру және басқа да өзекті мәселелер қаралды", - делінген үкімет басшысының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кейбір өңірлерде қарантин шараларын жеңілдету коронавируспен ауырғандар санының көбейуіне себеп болғанын атап өтті. Осыған орай, премьер-министрдің орынбасары Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары әкімдіктеріне өңір бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтуді, оның ішінде шектеу шараларын күшейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
"Өңір әкімдіктері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Талаптарды орындамаған бизнес субъектілерінің қызметін анықталған кемшіліктерді орнына келтіргенше уақытша тоқтату қажет. Бұл шаралар азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды", — деді Ералы Тоғжанов.
Жақында Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қаладағы карантин шаралары күшейтілуі мүмкін екенін айтқан еді.
Айта кетейік, ел аумағында коронавирус жұқтырғандар саны 12067-ге жетті. Емделушілердің саны 6240-қа дейін өсті, өлім оқиғасы - 48.