Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жастар білім қуалап, шетелге ағылуда: Мұның себебі неде?

Қазақстанда соңғы жылдары шетелге оқуға барып, сол жақта қалып қоятын жастардың қарасы көбейген. Мәселен, зерттеулерге сүйенсек, 2020 жылы 15 жылдан астам еңбек өтілі бар 11,4 мың қазақстандық маман шекара асып кеткен. Жастардың өз елінде емес, шетелге оқуға ағылуына не себеп? Білімді азаматтардың басқа елге қоныс аударуын қалай тоқтуға болады? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

студенттер

Түркияда түрлі бағыттағы оқу гранттары көп. Солардың ішіндегі ең ірісі  - Түркия Бурслары деген атпен белгілі мемлекеттік оқу гранттары жүйесі. 2012 жылы ашылған бұл бағдарлама жоғары оқу орындары, магистратура мен доктарантура, сондай-ақ, ғылыми ізденістерге де грант бөледі. Бұл жүйе бойынша білім алу үшін әлемнің әр түкпірінен жыл сайын жүз мыңнан аса адам өтініш береді. Солардың тек бес мыңына стипендия беріледі. Олардың арасында қазақстандықтар да көп.

Түркияда білім алғысы келетін қазақстандық жастар саны жыл өткен сайын артып отыр. Қазір Анадолы елінде екі мыңнан аса шәкірт оқып жүр. Түркиядағы жоғары оқу орындарына қазақстандықтар негізінен екі нәрсе үшін қызығады. Біріншісі бұл жаққа оқуға түсерде Ұлттық бірыңғай тестілеу қажет емес, екіншіден бағасы арзан.

Мәселен мемлекеттік оқу орындарында түрікше білім алудың орташа бағасы жылына 1 мың АҚШ доллары. Ал грант ұтып алғандардың сабағынан бөлек, жатын орны мен тамағы да тегін. Осыған байланысты Түркия мемлекеттік грантына Қазақстаннан құжат тапсырған студенттер саны биыл 50 пайызға артқан. Қазір бұл бағдарлама бойынша 500-ге жуық қазақ жасы білім алып жатыр. Солардың бірі - Анкарадағы Хажы Байрам университеті әдебиет факультетінің студенті Бекзат. Мектепте жүргеннен түрколог ғалым болам деп өзіне мақсат қойған ол Түркияның білім жүйесі жастардың оқуы үшін өте ыңғайлы екенін айтады. Сондықтан да бакалаврды бітірген соң әрі қарай осында қалып, магистратура мен докторантурада ғылым жолын жалғастырмақ ниетте.



"Білім беру жүйесінде өте көп мүмкіндіктер бар. Еркін білім аласың. Сені артық жұмыстарға жүктемейді. Мұғалімдер де өз қатары секілді қарайды. "Сен студентсің, өз дәрежеңді біл, мен профессормын, мен жоғарыда болуым керек" деген түсініктер жоқ. Бұл жақта профессорлардың өзі сені шақырып, сенімен бөлісіп, бір ортада сенімен тең секілді ұстайды. Сосын студенттің де білім алуға құлшынысы артады", - дейді Хажы Байрам университеті әдебиет факультетінің студенті Бекзат Бекболат.

Алыс Еуропада да білім қуып жүрген қазақ жастары көп. Әсіресе, Чехия, Австрия, Германия университеттері қазақстандық студенттердің жоғары сұранысына ие. Мәселен, Чехияда оқуға түсу үшін ҰБТ-ның нәтижесін күтудің қажеті жоқ. Орта білім жөніндегі куәлік болса жеткілікті. Тек, чех тілін жетік меңгеруі керек. Қос елдің білім және ғылым министрліктері бекіткен келісімшартқа сәйкес, Венгрия үкіметінің стипендиясына да жыл сайын 250 қазақстандық студент білім алуда. Сондай-ақ, қарт құрлықта ғылыми зерттеу жүргіземін деуші қазақстандықтарға да грант көп.  

Солардың бірі Францияның Страсбург қаласында жұмыс істейтін Олжас пен Әсел. Ерлі-зайыпты қазақстандық ғалымдар Эльзас жерінде докторлық диссертация қорғап, өте маңызды ғылыми зерттеу жасап жүр. Бірі - химия-физика, екіншісі - биология саласының білгірі. Ғарыш кемесіне ұқсайтын мына алып зертхананы француздар қазақ жігітіне сеніп тапсырған.

36 жастағы Олжас Ыбырайқұлов мұнда күн энергетикасын, органикалық күн батареяларын зерттейді. Ғылымға оқушы кезінен құмартқан ол алдымен "Болашақ" бағдарламасымен Жапонияда білім алған. 2016 жылы Страсбург университетінде PhD қорғап, содан бері осында ғылыми қызметкер болып істейді.

"Шетелде жүрген қазақтар, ғалымдарды сатқын ретінде немесе олардың бізге пайдасы жоқ деп қарауға болмайды. Мүмкін, олар зертханаларға тәжірибеден өтуге жас қазақтың балаларын кейін өскен кезде шақырар, сөйтіп олардың білімін дамытуға өз үлестерін қосар. Бірақ олардан зиян келмейді. Өйткені оның түбі қазақ. Ол бірнәрсе істесе, "Бұл маман Қазақстаннан келді, сол жақта мектеп бітірді, мына жақта оқыды, кейін осы жерге келіп, жетістікке жетті" деп бәрі айтады. Мен де, әрине, қайтқым келеді. Қайтып, өз елімізде жұмыс істегім келеді. Ең аз істей алатыным - сабақ беру. Университет болсын, мектеп болсын", - дейді Страсбург университетінің ғылыми қызметкері Олжас Ыбырайқұлов.



"Мен елге барып сабақ беруден бастағым келеді. Мектептерде оқушылар, кішкентай балалар зерттеудің не екенін білсе деймін. Олардың ғылыммен айналысуға құштарлығын арттырып, тек өз білімімен  ғана жетістікке жететіндерін жеткізгім келеді", - дейді биолог ғалым Әсел Мұсабекова.

Қазақстандық студенттер ең көп білім алатын тағы бір ел - көршілес Ресей. Мұнда 300 мыңнан астам шетелдік студент оқып жатыр. Олардың 74 мыңға жуығы қазақстандық. Соңғы он жылда Ресейге өзге мемлекеттен білім қуып келген жастардың саны екі есе өскен. Студенттердің басым бөлігі Қазақстан, Қытай мен Өзбекстаннан.

"Біз Қазақстаннан келген барлық студенттерге жағдай жасап отырмыз. Пандемия кезінде де қашықтан оқыту жүйесіне қостық. Әр студентке бекітілген куратор бар. Оқудан шығарылған студент жоқ. Жалпы Қазақстаннан келген студенттерге көзқарасымыз түзу. Шетелдік студенттерді бағалаймыз", - дейді Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінің ректоры Олег Баулин.

Ресейде білімді жастарды елге тарту, тұрақты жұмысқа қалдыру үшін түрлі заңдар мен бағдарламалар бар. Мәселен, былтырдан бастап Ресейдің жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін студенттердің құқығы жергілікті азаматтармен теңестірілді. Яғни, олар ешқандай арнайы рұқсатсыз және патентсіз жұмыс істей алады.

Жыл сайын миллиондаған маман жұмыс істеу үшін өзге елге қоныс аударады. Өз кезегінде экономикасы мығым мемлекеттер олардың тұрақтап қалуы үшін түрлі бағдарламалар мен гранттар бөледі. Бұл тенденция, әсіресе, Қазақстанда соңғы жылдары белең алған. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр