"Қазақстанға сенбеймін": Украинада қастандық жасалған Айдос Садықтың әйелі күдіктіні Киевке экстрадициялауды сұрады
Киевте қастандыққа ұшыраған Айдос Садықтың әйелі Наталья Садық күдіктілерді Украинаға экстрадициялауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Қазір Айдос Садыққа оқ атты деп күдікке ілінгендердің бірі Қазақстанда. Алайда Наталья Садық олардың ісі қылмыс болған жерде тергелуге тиіс деп санайды.
“Қазақстан билігі күдіктілерді Украинаға беруге міндетті, себебі қылмыс Киевте болды. Тергеу Украинада өтуге тиіс. Бірақ олар бермей отыр, барынша бәрін Қазақстанда өткізуге тырысып жатыр. Бас прокуратура “Қастандық” бойынша қылмыстық іс қозғады”, – дейді ол.
Наталья Садық тергеу Қазақстанда жүрсе, әділдік орнамайды деп қорқады.
“Мен Қазақстанға сенбеймін. Ешкімге де, Бас прокуратураға да, тергеу органдарына да, Тоқаевқа да сенбеймін", – деді Наталья Садық.
Еске салсақ, журналист Айдос Садықты Украинада атып кеткені айтылған еді. Кейін екі күдікті анықталды. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайға пікір білдіріп, дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы бұл оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бергенін жеткізді.