Қазақстандықтардың несие бойынша өсімпұлы кешіріледі
Қазақстандықтардың несие бойынша өсімпұлы кешіріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен Ұлттық банкке осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» жарлыққа қол қойды.
«Банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар Қазақстан Республикасы азаматтарының 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдары есептен шығарылады», - делінеді хабарламада.
Атап өтілгендей, борышкерлердің өсімпұлын кешіріу, бірінші кезекте, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының есебінен жүзеге асырылады.
Сонымен қатар мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынады.
«Мемлекет басшысы қарызға батқан азаматтарымыздың жағдайына бей-жай қарай алмайтынын айтты. Сондықтан президент бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Тиісті жарлыққа қол қойылды. Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өз отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру», - делінеді Ақорда хабарламасында.