Қазақстандықтардың саусақ іздері мәжбүрлеп алына ма – Ішкі істер министрлігі жауап берді
Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов қазақстандықтарға саусақ ізін алу міндеттелмейтінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: bestnokia.ru
Вице-министрдің айтуынша, ереже шетелдіктер үшін міндетті болады.
"Иә, қазір осындай шешім қабылданды. Заң жобасына түзетулер енгізілуде. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың ерікті түрде саусақ іздерін тапсыруға мүмкіндік беру мәселесі пысықталуда. Шетелдіктер үшін шекарада міндетті болады, бірақ ішіндегі құжаттама ерікті түрде болады", – деді Сәкен Сәрсенов.
Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтардан саусақ ізі алынатыны айтылған еді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Қазақстан азаматтары үшін міндетті түрде саусақ таңбасын тіркеуді еріктілікке ауыстыру туралы депутаттардың ұсынысы қаралып жатқанын айтқан болатын. Алайда шетел азаматтары үшін саусақ іздерін тапсыру міндеті сақталады.