Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар зейнетақы қорына 14,1 трлн теңге жинады

2022 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 14,1 трлн теңге жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,8%-ға көп, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

зейнетақы

Жинақтың 97%-ы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен толтырылды. МЗЖ бойынша жеке зейнетақы шоттарында 1 қазанда 13,7 трлн теңге жинақталған, бір жылдағы 7,4%-ға артты.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы бір жылда 21%-ға ұлғайып, 422,4 млрд теңгеге жетті. Ең үлкен өсім ерікті зейнетақы жарналарында (ЕЗЖ) байқалды, мұнда өсім  90%-дан асып, жинақ 3,1 млрд теңге болды.

Бірыңғай жинақтық зейнетақы қорының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2022 жылы салымшылардың шоттарына шамамен 1,2 трлн теңге зейнетақы жарналары түсті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 29%-ға көп. Өсім жарналардың барлық түрі бойынша болған.

Салымшылар мен алушылардың шоттарына таза инвестициялық табыс түрінде шамамен 717 млрд теңге түсті.

Сонымен қатар, баспасөз қызметі жеке зейнетақы шоттарының санын көрсетті.

“2022 жылдың 1 қазаны бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,0 млн бірлікке тең. Оның 10,9 миллионы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылды. МКЗЖ бойынша қалыптасқан шоттар - 584 742 бірлік болса, ЕЗЖ есебінен қалыптасқан ЖЗШ саны 349 277 бірлікке жетті” – делінген ведомоствосында.

Жыл басынан бері БЖЗҚ өз салымшыларына 1,1 триллион теңгедей төлеген. Оның басым бөлігін, яғни 879 млрд теңге тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсаттарына берілді.

Жас бойынша төлемдер 21%-ға артып, шамамен 87 млрд теңгені құрады. Орташа айлық төлем сомасы 29 868 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 707 326 теңгеге жетті. Бір жыл бұрын ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 673 643 теңге болды.

Сондай - ақ, мұрагерлік бойынша 47,6 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты 37,6 млрд теңге, мүгедектік бойынша 1,8 млрд теңге, жерлеуге 4,1 млрд теңге алынды. Сақтандыру ұйымдарына шамамен 19,5 млрд теңге аударылған.

Талқылау