Қазақстандықтар мемлекет қателесіп берген әлеуметтік төлемдерді қайтармауына болады
Қазақстанда 1 шілдеден бастап мемлекеттік органдармен дау кезінде қатардағы қазақстандықтардың құқықтарын қорғауға арналған әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекс қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әділет вице-министрі Наталья Панның мәлімдеуінше, жаңа кодекс азаматтарды билік органдарының ықтимал теріс қылықтарынан қорғауы тиіс. Мысалы, құқықтық шешімдердің күшін жоюдың ерекше тәртібі енгізіледі. Қазақстан азаматы бір рет қабылданған шешім заңды, дәйекті екеніне және өзінің кінәсі болмаса, оның күші жойылмайтынына сенімді болуы керек.
"Мысалы, азаматқа әлеуметтік көмек төленді. Кейінірек тексеру барысында көмек дұрыс емес мөлшерде төленгені анықталды, қате шешім қабылданды. Сенім құқығын қорғау қағидатын ескере отырып, уәкілетті орган адал азаматтардан жұмсалған қаражатты өтеуді талап ете алмайды, өйткені бұл жерде оның кінәсі жоқ", – деді Н.Пан.
Тағы бір жаңашылдық – құқықтардың басымдығы қағидатын енгізу, оған сәйкес заңнамадағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен түсініксіздіктер қарапайым азаматтардың пайдасына қарастырылады.
"Мысалы, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін регламенттейтін құжатта үш күн мерзім белгіленген, бірақ бұл ретте мерзімнің жұмыс немесе күнтізбелік күндермен есептелетіні жөнінде ешнәрсе көрсетілмеген. Бұл жағдайда сіз үш күнтізбелік күн ішінде қызмет көрсетуіңіз керек, өйткені мұндай нұсқа азамат үшін тиімді", – деді Н.Пан бейсенбіде өткен баспасөз мәслихатында.
Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат Мусиннің сөзінше, жаңа кодекстің нормалары әкімдік, мысалы, жер телімін беруден бас тартқан, ал азамат онымен келіспей, талап-арыз берген жағдайда қолданылады.
"Сот бұл дауды жаңа кодекстің ережелері бойынша қарайды. 1 шілдеге дейін мұндай істер азаматтық сот ісін жүргізуде қаралды, бұл тараптардың тең болуын талап етеді. Бірақ кейбіреулерге билік беріліп, басқаларында ол болмаса, қандай теңдік туралы айтамыз? Сарапшылар, заңгерлер бар мемлекеттік органды қарапайым адамның мүмкіндіктерімен салыстыруға келмейді", – деді Мусин.
Сонымен қатар жаңа кодекс мемлекеттік органдарды тәртіпке салуы керек, мысалы, ақшалай айыппұл салу арқылы.
"Қазір қалай? Мемлекеттік органның өкілі сотқа келмейді. Дегенмен, сот істі қарап, мемлекеттік органның пайдасына шешім шығара алады. Енді процеске келмесе немесе сотқа құжаттарды ұсынбаса, одан сот 20 АЕК (58 340 теңге) алады. Өндіріп алу сот талабы орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін", – деп түйіндеді Қ.Мусин.