Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл рас болса мен таңғалмаймын": Қазақстандықтар гуманитарлық көмек сатылып жатыр деп шулауда

Қазақстандық желі қолданушылары елімізге басқа мемлекеттерден әкелінген гуманитарлық көмек жаппай сатылып жатыр деп дабыл қағуда. Әлеуметтік желіде осындай жайттар айтылған бірнеше жазбалар пайда болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

гуманитарлық  

Айжан Хамит есімді желі пайдаланушысы АҚШ-тан гуманитарлық көмек ретінде дәрі-дәрмектер келген сатылып жатыр деген болжам айтыпты. 

"Оқырман Нұр-Сұлтандағы дәріханалардың бірінен тамифлю жәрісін 9000 теңгеге сатып алғанын жазыпты. Менің білуімше, АҚШ-тан құны 800 мың доллар болатын гуманитарлық көмек келген. Мен бұл препаратты бұрын сатып алғанмын. Онда RX only белгісі  және NDC тіркеу нөмірі көрсетіледі. "СК-Фармация" дәрілердің үлестірілуіне жауапты емес пе? Бұған қоса дәрінің қазақ тіліндегі нұсқаулығын резіңкемен ұстатып қойыпты. Олар гуманитарлық көмекті сатып жатыр деп ойламайсыздар ма?" - дейді Айжан Хамит. 

Сонымен қатар ол аталмыш дәрінің бағасы АҚШ-та 100 доллардан асатынын, ал Қазақстанда 10 мың теңге көлемінде дәрігердің нұсқаулығынмыз сатылып жатқанын айтады. 

"Hoffmann La Rochе швейцариялық дәрі шығарушы ұйым. Бұл дәрілер Қазақстанға қайдан келуі мүмкін? Бұл препарттар гуманитарлық көмек ретінде келгені анық. Ал бізде болса оны сатып жатыр", - деп қосты желі пайдаланушысы.

Осыған ұқсас жағдайды Наргиз Северная есімді желі қолданушысы баяндайды. Оның сөзінше, Катардан келген гуманитарлық көмек те сатылып жатқан көрінеді.

"Кеше кешкісін дәріханаға дәрінің партиясы әкелінді. Кейбір қораптарда Qatar Airways деген жазу болды. Мен бұған мән бермес едім, бірақ 2020 жылы 21 мамыр күні Катардан Қазақстанға гуманитарлық жүк тасымалданған еді. Ал ең қызығы, дәрілердің халыққа таратылуын қадағалайтын ұйым "СК-Фармация". Сіздер тегін берілетін дәрілерді сатып жатқан жоқсыздар ма осы? Егер бұл рас болса мен таңғалмаймын", - деп жазыпты ол.

Бұған қоса желі қолданушысы "СК-Фармация" ұйымын гуманитарлық көмекті таратуды 50 күнге кешіктіріп жатыр деп айыптаған. 

Өз кезегінде бұл туралы "СК-Фармация" мекемесінің басшылығы пікір білдірді. 

"Катардан гуманитарлық көмек Қазақстанға 2020 жылдың 21 мамырында келді. Осы уақытта төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты «СК-Фармация» ЖШС-ның гуманитарлық көмекті тарату жөніндегі оператор ретіндегі функциялары аяқталды. Сонымен қатар Катардан жеткізілген медициналық бұйымдармен бірге келуі тиіс құжаттар, тауардың сапасын растайтын құжаттар, медициналық бұйымдарды бірреттік кіргізу туралы міндетті рұқсат беруші құжаттар болмады. Онсыз елде медициналық бұйымдарды пайдалануға болмайды", - делінген ресми хабарламада. 

Осы орайда ұйым өкілдері дәрі үйлестіру жұмысы денсаулық сақтау министрлігімен бірігіп ұйымдастырылатынын алға тартты. 

"4 шілдеде ҚР денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «СК-Фармация» ЖШС гуманитарлық көмекті алу бойынша оператор ретінде тағы айқындалды. Тиісті құжаттардың бәрі қолға түскеннен кейін гуманитарлық көмек шеңберінде әкелінген медициналық бұйымдардың бәрі де өңірлерге тең дәрежеде таратылды. Қазіргі уақытта ол бұйымдар бірыңғай дистрибьютордың қоймасында жатыр. Ол бұйымдарды дәл қазір денсаулық сақтау басқармаларына жолдау үшін тией беруге болады", -деп қосты ұйым өкілдері. 

Қазақстанға Катардан келген гуманитарлық көмек аясында келесі медициналық бұйымдар жеткізіліпті:

  • 22 мың дана бірреттік қорғаныс маскасы;
  • N95 медициналық қорғаныс маскалары - 67 мың дана;
  • өлшемі175х95 мм болатын бір рет қолданылатын маска - 74 мың дана;
  •  өлшемі 17,5 см х 9,5 см болатын хирургиялық маска - 20 мың дана;
  •  N95 медициналық қорғаныс маскасы - 2500 дана;
  • бір рет пайдаланылатын медициналық LONNY маскасы - 39 825 дана;
  • өлшемі 17,5см х 9,5см болатын санитарлық қорғаныс маскасы 119 918 дана;
  •  өлшемі 17,5х9,5 см болатын, бетке арналған маска - 96 мың дана;
  • бір рет пайдаланылатын, бетке арналған маска - 3 900 дана;
  • 9 350 дана көлемінде пластикалық маска;
  • өлшемі 330х220 мм болатын пластикалық маска - 2 880 дана;
  • өлшемі 175 (L) болатын арнайы костюм - 560 дана;
  • өлшемі 18 дюймдік қорғаныс костюмі (XXL) - 40 дана;
  • медициналық қорғаныс костюмі (бірреттік 170, 175, 180 см) - 2760 дана;
  •  хирургиялық костюм (L) - 32 600 дана;
  • 29 990 дана OBAOLAY қорғаныс көзілдірігі.

Аталмыш жайт министрліктегілердің құлағына жетті. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова сөз қозғады. 

"Иә, расымен Facebook әлеуметтік желісінде осындай жазба болды. Онда желі пайдаланушысы Qatar Airlines деген жазуы бар қораптарды көргенін жазып, мұны Қазақстан Республикасына келген гуманитарлық көмек деп айтыпты. Сөзінше, сол көмек сатылып жатыр екен. Негізінде Қатардан гуманитарлық көмек келгені рас. Бірақ жүк әзірше бірыңғай дистрибьютерде сақтаулы тұр. Бізге жеке қорғаныш құралдары, атап айтсақ, костюмдер, көзәйнектер, маскалар, бахилалар әкелінді. Дәрілік заттар келген жоқ. Заттарды таратуға біраз уақыт кетті. Себебі бұл өнімдердің сапасын растайтын құжат болмаған. Сондықтан өнімді шығарған елге заттардың сапасын анықтау, растау үшін өтінім жолдадық. Алайда қазір бәрі реттелді. Жақын арада бірыңғай дистрибьютер медициналық ұйымдарға таратады. Әзірше келген тауар қоймада тұр. Ешқайда шығарылған жоқ", - деді Бюрабекова. 

Бұған қоса министр орынбасары дәріханалардағы препараттардың міндетті түрде қазақ және орыс тілдерінде нұсқалықтары болуы тиіс екенін атап өтті. Ол Алматыда тек ағылшын тілінде жазылған нұсқаулығы бар дәрілер сатылғанын растап отыр. 

"Егер мұндай жағдайға кезіксеңіз, тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне дәрі жайлы хабарлама жолдаңыз. Бұл заңға қайшы. Мемлекеттік тілде аннотация міндетті түрде болуы керек", - деп қосты ол. 

Талқылау