Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар балаларын бір реттік зейнетақы төлеміне емдете алады, бірақ имплант орнатуға рұқсат жоқ

Денсаулық сақтау министрлігі емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Біржолғы зейнетақы төлемі – әлеуметтік кодексте белгіленген тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы (зейнетақы төлемдерін алушы) тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын, міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары сомасы.

Ведомствоның мәліметінше, өтініш беруші немесе оның заңды өкілі емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін БЖЗҚ-дан қолжетімді міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпаратты өз бетінше алады. 

“Өтініш беруші немесе оның заңды өкілі ЭЦҚ арқылы уәкілетті оператордың интернет-ресурсында авторизацияланады және өзінің жеке кабинетін ашады. Онда әлеуметтік кодекстің 224-бабы 4-тармағына сәйкес қажетті соманы және пайдалану мақсатын көрсете отырып өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады, емделу үшін біржолғы зейнетақы төлеміне электрондық өтінішті толтырады”, – делінген Ашық НҚА порталында.

Қазақстандық жұбайының немесе жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған жағдайда тараптар алушының жеке кабинетінде біржолғы зейнетақы төлемдерін басқаға беру туралы келісім жасасады. Ол некені немесе туыстық қатынастарды растайтын құжаттарды қоса беріп, олардың ЭЦҚ-сымен куәландырылады. Кез келген Қазақстан азаматы өз баласын емдету үшін іржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана алады.

Зейнетақы төлемін алушы немесе оның заңды өкілі арнайы шотқа қаражат түскеннен кейін әлеуметтік кодекстің 220-бабының 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес дәрігерлік комиссияның қорытындысын беру туралы өтінішпен өзі бекітілген жері бойынша медициналық ұйымға жүгінеді. Сондай-ақ алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және бейінді маманның қорытындысын қоса береді.

“Медициналық ұйымның жауапты адамы өтініш берушіге немесе оның заңды өкіліне осы қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша уәкілетті операторға ұсыну үшін дәрігерлік комиссияның отырысы өткізілген күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде қорытынды береді. Өтініш беруші немесе оның заңды өкілі қорытындыны алғаннан кейін шетелдік ұйымды қоса алғанда, медициналық ұйымды таңдайды және одан әрі шарттың немесе төлем шотының сканерленген нұсқасын және қорытындыны уәкілетті оператордың интернет-ресурсындағы өзінің жеке кабинетінде тіркей отырып, онымен медициналық қызметтер көрсету туралы шарт жасасады”, – делінген хабарламада.

Уәкілетті оператор алушының немесе оның заңды өкілінің біржолғы зейнетақы төлемдерінің құжаттарға сәйкес болса алушыдан немесе оның заңды өкілінен құжаттарды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаражаттың нысаналы пайдаланылуын тексереді.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін емдеуге төлеу үшін мақсатты пайдаланылуын растайтын құжаттар:

  • Қорытынды;
  • Медициналық ұйым мен алушы арасында жасалған медициналық қызмет көрсету шарты немесе сатушы мен алушы арасындағы дәрілік заттарды сатып алу шарты.

Шетелде медициналық қызметтерді алу кезінде деректемелерді (төлемге шот-фактура) немесе медициналық ұйым мен алушының немесе оның заңды өкілінің арасында жасалған медициналық қызмет көрсету шартын (шет тілінде жазылған құжаттардың нотариалды куәландырылған аудармасын қоса береді) көрсете отырып, төлемді жүзеге асыру үшін қажетті құжатты ұсынуға рұқсат етіледі.

“Медициналық ұйым мен алушы немесе оның заңды өкілі арасында жасалған медициналық қызмет көрсету туралы шартта осы қағидаларға сәйкес медициналық көрсетілетін қызметтердің түрі, пациенттің (алушының) тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), туған күні және қорытындыдан белгіленген диагноз көрсетіледі. Ұсынылған құжаттар осы қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген пайдалану мақсаттарына сәйкес келген кезде алушы немесе оның заңды өкілі Уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерін айырбастауға және біржолғы зейнетақы төлемдерін халықаралық аударуға қол қойылған өтініштерді ұсынады. Корреспондент банктердің халықаралық аударым үшін комиссиясы (бар болған жағдайда) біржолғы зейнетақы төлемдері сомасынан ұсталады”, – делінген хабарламада.

Уәкілетті оператор айырбастауға және халықаралық аударымға арналған өтініштерді олар берілген күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тексереді және біржолғы зейнетақы төлемдерін олардың нысаналы мақсаты бойынша аударады. Алушы немесе оның заңды өкілі осы қағидалардың 22-тармағында айқындалған біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы пайдаланылуын растайтын құжаттарды ұсынбаған жағдайда, қаражат арнайы шотқа түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға қайтарылады.

Бұл ретте, 2024 жылғы 10 тамыздан бастап 2025 жылғы 1 ақпанға дейін елімізде орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер үшін Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері пайдаланылмайды (тісті протездеу, имплантациялау).

Талқылау