Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар әскери оқу орындарына қалай түсе алады

Қорғаныс министрлігінің әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары, полковник Әсет Аққузинов ведомствоның апта сайынғы брифингінде Қазақстанның әскери оқу орындарына түсу заңдары мен артықшылықтары туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат  агенттігі.

сарбаз

Оның хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау ағымдағы жылдың 27 шілдесінен 11 тамызына дейін жүргізіледі.

“Ағымдағы жылдың маусым айында Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарын оқушыларымыз бітіріп шықты. Түлектеріміз Қарулы Күштердің офицерлік құрамының алғашқы әскери лауазымдарына бөлінді. Бөлу экстерриториялық принцип бойынша жүргізіледі. Бұл дегеніміз, бітірушілер өздерінің туған жерлерінде, сондай-ақ ата-аналары тұратын жерлерде қызмет атқара алмайды деген сөз. Шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында біздің қазақстандық түлектер, яғни ҚР азаматтары білім алуда. Олар да дәл осылай Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері офицерлік құрамының бастапқы әскери лауазымдарына бөлінетін болады”,- дейді Аққузинов.

Полковник биыл оқу орындарында сабақ дәртүрлі түрде өткізілетінін айтады.

“Оқуға түсушілерге қойылатын талаптар Қорғаныс министрінің 2016 жылғы №35 бұйрығының талаптарымен регламенттелген. Өткен жылмен салыстырғанда, әрине өзгерістер бар. Біз оффлайн режимде, дәстүрлі форматта өткізуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылы шектеулі карантиндік шараларға байланысты іріктеу жұмыстарын қашықтықтан жүргіздік”,- дейді полковник.

Оның айтуынша, оқуға түсушілерге қойылатын негізгі талап – 17 жасқа толған, бірақ 22 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары болуы керек.

“Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет атқарған Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ оқуға түскен жылы мерзімді қызмет атқаратын сарбаздардың жасы 24 жастан аспауға тиіс. Қарулы Күштерде келісімшарт бойынша қалып жұмыс істейтін әскери қызметшілер  25 жастан аспауға тиіс”, – дейді ол.

Сондай-ақ, департамент бастығының орынбасары шетелдің әскери оқу орындарына түсу жолдарын айта кетті.

“Шетелдік әскери оқу орындарына түсу үшін қазақстандық әскери оқу орындарында оқитындар арасында іріктеу жүргізеді. Яғни, біздің ішкі жоғары оқу орындарына түскен, ант қабылдаған бірінші курс курсанттары белгіленген тәртіппен баянат (рапорт) береді. Оқуға ниет білдірушілер арасында конкурстық іріктеу жүргізіледі. Конкурс нәтижелері бойынша шетелдік әскери оқу орындарына жіберіледі”, – дейді полковник. 

Бұнымен қоса, Аққузинов әскери оқу орындарының артықшылығымен бөлісті. 

“Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында оқитындар барлық нәрсемен қамтамасыз етіледі. Яғни біздің білім алушыларға стипендия, киім-кешек, тамақ және жатын орын беріледі. Тұратын жер казармаларда да, жатақханаларда да болады. Бұдан басқа, демалысқа немесе практикаға барған және кері қайтқан кезде білім алушылар мемлекет есебінен республика аумағында ішкі көлікпен, темір жол көлігімен тегін жол жүру құқығына ие болады.

Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына даярлық толығымен тегін негізде жүзеге асырылады. Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында оқу мемлекет есебінен жүреді. Бұл ең бастысы. Демек, "әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңға сәйкес ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болған, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары, "Алтын белгі" иегерлері, әскери даярлығы бар оқу орындарының түлектері, сондай-ақ халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға қатысушылар басымдыққа ие болады”, – дейді ол. 

Талқылау