Қазақстандық "шпаргалка" қолданған 34 педагог 5 жылға тест тапсырудан шеттетілді
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев 34 педагог 5 жылға тест тапсырудан шеттетілгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Достар, мына бейнежазбаларды мұқият көріп шықсаңыздар. Бұл бір экшн фильмнің бөліктері емес. Барлығы шынайы өмірде болып отыр. 10 шілдеде елімізде Педагогтердің білімін бағалау басталды. Бірақ тестілеуге кейбір мұғалімдер біліміне емес, айласына сеніп келген сияқты. Мысалы, бір өңірде бір күн ішінде 34 педагогтің бұзушылықтары бірден анықталып, олар 5 жылға дейін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды", - деп жазды Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Ол бұл мәселе бойынша материалдар, құзырлы органға тапсырылғанын айтты.
"ҰБТ-дан кейін бізді ешкім және ешнәрсе таңғалдырмайды деп ойлағанбыз. Бірақ, өкінішке қарай, қулық жасау бойынша кейбір мұғалімдер оқушылардан да асып түсті. Бұл фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданып, құзырлы органдарға беріледі.Құрметті педагогтер, мұғалім болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені бүкіл ұлттың болашағы сіздердің қолдарыңызда. Ал бұндай әрекеттер "мұғалім" деген атауға кір келтіреді", - деді ол.