Қазақстандық оқушылардың онлайн сабақтары неге дұрыс өткізілмей жатыр: Министрлік айтып берді
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова қашықтан өткізіліп жатқан сабақтар бұзылып, неге дұрыс өткізілмей жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Біз әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан сабақ барысында орын алған оқиғалардан хабардармыз. Күніне өтілетін 2 млн сабақтың ішінде 2 сабақта үшінші адамның кедергі келтіргені рас", - деп түсіндірді вице-министр.
Ол жазда мұғалімдерге қашықтықтан оқыту курстары ұйымдастырылғанын атап өтті. Алайда, әлі ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатқандықтан, кемшіліктердің болуы шарт екенін түсіндірді ол .
"Жаз мезгілінде біз мұғалімдерге онлайн білім беру туралы сабақтар өткізіп, ұстаздарға барлығын түсіндірдік. Бөгде адамдар еркін кіре алатын ZOOM және басқа платформалар әлі де сенімді емес. Осыған орай отындық платформалар ұсындық. Бірақ әр мектеп өзі таңдау жасауға құқылы. Біз мұғалімдермен, барлық білім беру ұйымдарымен, білім бөлімдерімен байланыс жасап отырамыз. Желідегі тәртіпті қалыптастыру үшін біраз уақыт керек болады. Қазір сабақ басталғалы көп бола қойған жоқ. Балалар жүйеге енді үйренісіп келеді. Алдағы уақытта келеңсіз жағдайлардың алдын алуға тырысамыз", - деп түсіндірді Шолпан Каринова.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан депутаттары білім және ғылым министрлігі онлайн білім беруді дұрыс ұйымдастырмады, дүниежүзілік банктен алған қаражатты қалталарына салды деп айыптаған. Мәселеге қатысты министрлік жауап берген болатын.