Қазақстандық кәсіпкер өзін тонаған қызметкердің кім екенін басқа жәбірленушілер де жазған кезде әшкереледі
Фото: sharipov_ulugbek Instagram парақшасынан алынды
Shoqan брендінің негізін қалаушы Ұлықбек Шәріпов бір қызметкері үш ай бойы ақша жымқырып келгенін айтты. Кәсіпкер жағдайды желідегі парақшасында жариялады. Жазбадан кейін жұмыс берушілердің көбі жігітті танып, олар да алданғанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кәсіпкер Шәріпов кейінгі жылдары компаниясы қызметкерлердің ұрлығы салдарынан 70 миллион теңгеден астам шығынға ұшырағанын айтты. Айтуынша, соңғы жағдай екі жыл бұрын болған. Бір қызметкер үш ай бойы төлемді клиенттерден жеке картасы арқылы қабылдаған. Ол үшін клиенттерге “қызметкерлерге арналған 30% жеңілдік беремін” деп уәде еткен. Соның салдарынан компания 2,8 миллион теңге жоғалтқан. Ал ақшаның басым бөлігін әлгі азамат букмекерлік кеңселерге тіккен.
Сөзінше жігіт кейіннен ұсталып, айыбын мойындаған. Тіпті ақшаны қайтаратыны туралы қолхат жазып, арада 2 жыл өтсе де, уәдесін орындамаған. Кәсіпкер екі жыл бойы жігіттің аты-жөнін, суретін жарияламай, абыройын сақтап қалуға мүмкіндік бергенін айты. Алайда әлгі адам мұны ескермей, уәдеге немқұрайлы қараған. Кәсіпкер оның суретін Instagram парақшама жариялауға мәжбүр болдым дейді.
"Бүгін оның түрін ашық жариялаймын. Әр кәсіпкер кімді жұмысқа алып жатқанын білсін. Егер компанияда есеп-қисап дұрыс жүргізілмесе, демек ол жерде сізді тонап жатыр деген сөз. Ұрлық бизнестің абыройына нұқсан келтіреді әрі адал қызметкерлердің ынтасын жояды. Біз бұл іс бойынша сотқа жүгіндік және соңына дейін жеткіземіз. Әрбір іс-әрекеттің салдары бар. Бұл адамның салдары қазір басталды", – деді кәсіпкер.
Шәріпов осы жазбадан кейін басқа жұмыс берушілерден де жігітке қатысты түрлі хабарлама алған. Олардың айтуынша, бұл ер адам бұған дейін де дәл осындай әдіспен түрлі кәсіпке зиян келтіріпті.
Фото: sharipov_ulugbek Instagram парақшасынан скрин
Бір кәсіпкер жігітті танитынын, кезінде жұмысқа алып, салдарынан 2,5 миллион теңге шығынға ұшырағанын жеткізді.
"Әлішер бізде де бизнес орталығында жұмыс істеді. Оны жұмысқа қабылдап, оқыттық, сенім арттық. Өкінішке қарай, біз де алданып қалдық. Үй-жайды жалға алғаны үшін ақша алып, бір кеңсені 3-4 түрлі адамға берген. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 2,5 миллион теңге болды. Бұл мәселені дер кезінде байқамағанымыз өкінішті. Ол құмар ойынға үйір болып шықты. Ол жеке картасы арқылы ақша алған адамдар әлі күнге дейін бізге келіп тұрады. Әлішер үшін біз жауап беріп, ақшаны қайтаруға мәжбүр болып отырмыз. Марғұлан Қалиұлы айтқандай: "Сенбей тұрып, бірнеше рет тексеріп, қайта тексеру керек". Бұл бізге үлкен сабақ болды", – деп жазды бір кәсіпкер.
Тағы бір азамат оның бұрын 2GIS Павлодарда дәл осындай тірлік істегенін айтты.
Фото: sharipov_ulugbek Instagram парақшасынан скрин
"Ол ұрлық үстінде ұсталған жоқ. Бірақ бөлімнің жартысынан көбінен қарызға ақша алып жүрген екен. Кейін ол ақшаның қайда кеткенін түсіндік. Содан кейін басшылық оны жұмыстан шығарып, алған қарыздарын жалақысынан ұстап қайтарды. Қазір оны Павлодарда орталық әмбебап дүкен маңынан көріп жүрмін. Ескі Honda CR-V көлігін жүргізеді. Қажет болса, оны тағы көргенде нөмірін жібере аламын. Ал оның көп жерде жұмыс істегенін көріп, таңғалып отырмын", – деп жазды енді бірі.
Фото: sharipov_ulugbek Instagram парақшасынан скрин
Ал тағы бір қазақстандық оның түрлі сылтаумен қарызға ақша алғанын жеткізді.
"Бұл жігітті танимын. Астанада администратор болып жұмыс істеген. Бір ай бойы менен қарызға ақша алып, түрлі сылтау айтып жүретін. Бірде пәтерақыға жетпейді, бірде үйден қуып жіберді, бірде жатақханаға жетпей тұр дейтін. Жалпы ол менен 150 мың қарыз алды. Менімен шілде айына дейін байланыста болды. Кейін жоқ болып кетті", – дейді бірі.
Кәсіпкер Ұлықбек Шәріповтың айтуынша, алаяқтыққа жол бермеу үшін басқа кәсіпкерлер де мұндай адамдарды біліп жүруі керек.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді