Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ірі компанияның тең иесі Виктор Долгалев қамауға алынды

2024 жылы 3 ақпанда "Тиолайн" компаниясы тең иелерінің бірі Виктор Долгалев жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланғаны үшін ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: gok_tioline.kz

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері "Тиолайн" компаниясының тең иелерінің бірі Виктор Долгалевті жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны үшін ұстады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі одан әрі тергеп-тексеруге облыс бойынша қаржылық мониторинг агенттігіне берілді.

Бұдан басқа, В.Долгалевке қатысты аса ірі көлемде кіріс алу арқылы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін тергеу жүргізіліп жатыр.

"Тергеу мәліметтері бойынша, 2021 жылдың наурыз айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі компанияның 38 млрд теңгеге қаржылық және инвестициялық міндеттемелерін орындамауына байланысты "Обуховское" кен орнында жер қойнауын пайдалану бойынша келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатқан", – деді қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.



Жоғарғы сот құзыретті органның іс-қимылдарының заңдылығын растады.

Сонымен қатар 2020 жылдың 1 маусымында сот шешімімен В.Долгалевке "Тиолайн" компаниясының мүлкін басқаруға тыйым салынды.

Бұған қарамастан, В.Долгалев өзінің бақылауындағы құрылымдар арқылы заңсыз тау-кен өндірісін жалғастырып, Қытайға және басқа елдерге сұр схемалар бойынша экспорттаған көрінеді.

"Тек үш жыл ішінде (2021-2023 жж.) 113 мың тоннаға жуық кен экспортталды. Маманның қорытындысы бойынша қылмыстық табыстың жалпы сомасы 26 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражатқа еншілес тұлғалар арқылы кен орнына іргелес жатқан 7,5 мыңға жуық гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер сатып алынып, ол жерде де заңсыз кен өндіру жүргізілген. 2 миллиард теңгеге бюджетке төленетін салықтар мен төлемдерден жалтару фактілері анықталды. Қазір жасалған қылмыстың барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жарияланбайды", – деді Әлібек Әбділов.

Талқылау