Қазақстандық этнограф "Наурыз" сөзінің қалай шыққанын айтты
Қазақстанда Наурыз мейрамы қазақ халқының дәстүрімен тығыз байланысты, оны "Ұлыстың ұлы күні" деп те атайды. Бұл күн – бейбітшілік, татулық, береке және жаңару мерекесі. Дегенмен түркі елдерінде "Наурыз" сөзінің шығу тегі әр түрлі қолданылады. Бұл туралы Stan.kz этнограф Бұлбұл Кәпқызынан сұрап білді.
Фото: Ақорда
Этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, Наурыз сөзі "жаңа күн" деген мағынаны білдіреді және бұл атау өте ертеден келе жатыр.
"Наурыз сөзі "жаңа күн" деген мағынаны білдіреді. Бұл атау өте ертеден бері қолданылып келеді. Кейбір зерттеушілер оны грек тіліндегі "нау" ("жаңа") және "руз" ("күн") сөздерінен шыққан деп есептейді. Ал кейбіреулер "Наурыз" сөзін "ақ уыз" ұғымымен байланыстырады. Бұл да орынды, себебі көктемде мал төлдеп, халық ақ уыз ішіп, жаңа өмірдің басталуын тойлайды. Сондықтан бұл атаудың осындай баламасы да көңілге қонымды. Наурыз – қазақ халқының жанына жақын, ұлттық болмысының бір бөлшегіне айналған ерекше мейрам", – деді Бұлбұл Кәпқызы.
Сонымен қатар этнограф "Көрісу" мен "Амал" атауларының да өзіндік ерекшеліктері бар екенін және бұл мейрам емес, белгілі бір айдың атауы деп түсіндірді Бұлбұл Кәпқызы.
"Ал "Көрісу" мен "Амал" туралы айтар болсақ, "Көрісу" – мейрам емес, бұл бір айдың атауы. Сол сияқты "Амал" да – айдың атауы. "Амал келді", "жыл келді", "аман-есен жаңа жылға жеттік" деген сөздер осыған байланысты айтылады. Бұл – жылдың басын білдіретін ерекше дәстүр. Халық бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық тілейді, қыстан аман шыққанына қуанады", – деді этнограф.
Басқа да түркі халықтары Наурызды әртүрлі атаулармен атап өтеді. Бәрі үшін бұл көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын және жаңа жылдың басталуын білдіреді. Әр елде атауы мен кейбір дәстүрлері сәл өзгеше айтылады.
- Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан – Наурыз
- Түркия, Әзірбайжан – Nevruz
- Татарлар, Башқұрттар – Нардуган немесе Науруз
- Ұйғырлар – Норуз
- Түрікмендер – Новруз
Наурыз – тек түркі халықтары ғана емес, көптеген басқа елде де аталып өтетін көне мереке. Әртүрлі елдерде бұл мейрам әртүрлі атаулармен белгілі:
- Иран, Ауғанстан, Тәжікстан – Nowruz (Ноуруз)
- Үндістан, Пәкістан – Navroz (Навроз)
- Әзірбайжан – Novruz
- Албания – Sultan Nevruz
- Грузия – Nowruz
- Күрдтер (Ирак, Сирия, Түркия, Иран) – Newroz
- Балқан елдері (Албания, Косово, Босния, Түркиядағы кейбір этникалық топтар) – Nevruz.
Біріккен ұлттар ұйымы 2010 жылы 21 наурызды – Халықаралық Наурыз күні деп жариялады. Бұл мейрам көптеген халық үшін көктемнің, жаңа жылдың және табиғаттың жаңаруының символы болып саналады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Наурызға жаңа мән беріп, мерекені 10 күн бойы атап өту туралы шешім қабылданғанын жаздық.