Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы ірі супермаркеттер желісі азық-түлік пен тауарлар бағасын көтермек

Валюта нарығындағы күрделі жағдайға және рубль бағамы динамикасының теңгеге әсер етуіне байланысты Magnum ірі сауда желісінің дүкендерінде азық-түлік бағасының өсуі күтілуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап. 

"Әзірге біздің жеткізушілеріміз бұрын әкелінген тауарларды қайта бағалауға өтінім берген жоқ. Сонымен қатар рубль мен теңге бағамдарының құбылмалылығы, сондай-ақ жеткізу тізбегінің өзгеруі импорттың жаңа жеткізілімдері мен импорттық құрамы жоғары қазақстандық өнімдердің бағасына әсер етеді. Баға орташа есеппен 20-25%-ға артады", – дейді Magnum желісінің PR менеджері Дмитрий Шишкин.

Оның айтуынша, қазіргі жағдай теңге бағамының құбылмалылығымен ғана емес, сондай-ақ Қазақстанға негізінен Ресей арқылы келетін импорттық тауарды жеткізу тізбегінің бұзылуы да әсер етеді. Сонымен қатар шетелден шикізат, компоненттер және басқа заттарды жеткізуге байланысты болып отыр. Себебі халықаралық брендтердің едәуір бөлігі Ресейде өндірістерге ие. 

"Біз қазір Ресейде тоқтамай, тауарларды жеткізіп жатырмыз. Бұл әдеттегі жеткізілім тізбегі мен басқа да компоненттердің өзгеруіне байланысты шығындарға әсер етуі мүмкін", – деп толықтырды Дмитрий Шишкин.

Ол қазіргі уақытта ресейлік тауарлардың үлесі ассортименттің шамамен 10%-ын құрайтынын атап өтті. Ресей арқылы әкелінетін басқа елдерден импорт ассортименттің 40%-ын құрайды.

Талқылау