Қазақстанда жыл басынан бері салонда тұрған жаңа көліктердің бағасы 1 миллион теңгеге қымбаттаған
Жыл басталғалы салонда тұрған су жаңа көліктердің құны кемі 1 миллион теңгеге қымбаттаған. Қарапайым халықтың қалтасы көтереді деген көліктердің өзі қолжетімсіз болып кетпеді ме? Автосалондардағы көліктің қымбаттағаны туралы осы саланы жазып жүрген Koleso.kz порталының сарапшылары ақпарат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі AIBAT жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Олардың ақпаратынан қарапайым халықтың қолы жетеді деген автокөліктердің өзінің бағасы шарықтап кеткенін аңғаруға болады.
Мәселен, HUINDAY ACCENT көлігі 6,4 миллион теңгеден 7,1 миллион теңгеге дейін қымбаттаған. СHEVROLET COBAL көлігінің бағасы 5,5 миллион теңгеден 6,5 миллион теңгеге дейін өскен. Ал СHEVROLET NEXIA автомобилі бағасы 5,2 миллион теңгеден 6,2 миллион теңгеге дейін көтерілген.
Сондай KIA RIO 8,9 миллион теңгеден 10,2 миллион теңгеге, LADA GRANTA 3,7 миллион теңгеден 4,7 миллион теңгеге дейін қымбаттаған.
Автосарапшы Эдуард Эдоковтың сөзіне сүйенетін болсақ, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс одан қалды мамыр айында іске қосылатын жеңілдетілген автонесие салондардағы бағаны өсіруге итермелеуі мүмкін.
“Сізде қаражат бар, қаражат бар, 6 ай күте тұрыңыз дейді. Егер үстіне аздап ақша қоссаңыз жарты жыл емес, 2-4 аптадан кейін авто ала аласыз деген ұсыныс жасайды. Ойлана келе сіз 200, 300, 500 мың теңге артық төлеп қазір алуды таңдайсыз”, – дейді ол.
Ммамандардың айтуынша, жаңа көлік мыңдаған бөліктерден тұрады. Бұл күні әлемдік нарықта электронды шиптердің тапшылығы байқалады. Бұл аздай теңге тұрақсыздығы да бағаны мың құбылтып тұр.
“Негізгі машинаның комлектілері бізге Жапония мен Корея мемлекетінен келеді. Осы жақта құрастырылған көліктердің жартысынан көбі сол жақтан әкелінеді. Үшінші негізгі мәселе теңгенің әлсіреуі. Барлығын доллар арқылы сатып алып жатырмыз. Логистика қымбаттады”, – дейді автоблогер Олжас Оқас.
Үкімет жылдың басында автонарыққа араласпаймыз деп бірден кесіп айтқан болатын. Жеңілдетілген автонесие енгізілген кезде салондар негізсіз бағаны көтеретін болса бәсекелестікті қорғау агенттігі іске араласуы мүмкін.