Қазақстанда жасы 100 жастан асқан 420-дан астам қария бар: Ең қарт адам қай аймақта тұрады
Қазақстанда 100 жасаған және одан да жоғары жастағы 423 азамат бар. Жасы ең үлкен қария Ұлытау облысында тұрады. Ақ жаулықты әжеміз биыл 114 жасқа толған туған күнін атап өтіпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: www.saebo.com
Ең көп өмір сүретін қариялар еліміздің оңтүстік өңірінде көбірек. Мәселен, Түркістан облысында 100 және одан үлкен жастағы 64 адам бар. Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша екінші орында – Алматы. Қазір Алматы қаласында 100 жастан асқан 48 адам тұрады.
Ал үшінші орында Алматы облысы. Онда 100 және одан жоғары жастағы 38 адам бар.
Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне Ұлытау облысының тұрғыны – 114 жас, Павлодар облысы – 112 жас, Түркістан облысы – 110 жас кірді.
Еске сала кетейік, жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 45 сессияда жариялаған.
Оны өткізудің басты мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және тану. Сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару. Қарияларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.
Айта кетейік, бұған дейін Соғысқа қатысқан 100 жастағы әже өзінің ұзақ өмір сүру құпиясын бөліскен еді.