Қазақстанда зейнетақыға шығуды жасқа емес, еңбек өтіліне байланысты ету ұсынылды

Сенатор Амангелді Нұғманов Қазақстанда еңбек өтілі негізіндегі зейнетақы үлгісіне көшуді ұсынды. Айтуынша, азаматтар тек жас бойынша емес, еңбек өтіліне байланысты зейнетке шығуы керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенатордың айтуынша, жаңа Конституцияға байланысты зейнетақы жүйесін қайта қарау керек. Қазіргі жүйе толық сәйкес келмейді. Адамдардың еңбек өтілі, еңбекке қабілеттілігі және нарықтағы жағдайлар ескерілуі тиіс. Яғни, зейнетақы тек жасқа байланысты емес, адамның еңбек тәжірибесі мен жұмыс қабілеттілігін ескере отырып берілуі шарт.
“Жаңа Конституцияға байланысты зейнетақы саласын қайта қарау және жаңарту қажет. Қазіргі зейнетақы жүйесін халықтың еңбек қабілеті, жұмысқа қатысу ұзақтығы және қазіргі еңбек нарығының жағдайына сай ету керек. Зейнетақыға шығуды тек жасқа емес, еңбек өтіліне байланысты кезең-кезеңімен ауыстыру орынды деп саналады. Қазір әскери қызметкерлер, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне арналған жеке жүйе бар. Олар өздеріне ыңғайлы уақытта зейнетақыға шыға алады, бірақ қажетті еңбек өтіліне жеткеннен кейін бұл шешімге өз экономикалық жауапкершіліктерін алады”, – деді ол.
Сенатордың айтуынша, қазір кейбір азаматтар, мысалы, созылмалы аурулары барлар немесе кәсіби аурудан зардап шегетіндер, зейнетақыға уақытынан бұрын шығу құқығына ие емес. Заң тек ресми мүгедектік тобына ғана мүмкіндік береді.
“Бұл өзгерістер жұмыссыздықты азайтуға, басқаның есебінен күн көру сезімін төмендетуге, азаматтардың еңбекке жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жүктемесін азайтып, зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі”, – деп қосты ол.
Сенатор мұны жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынады. Оған мемлекеттік органдар, ғылыми сарапшылар, кәсіподақтар және азаматтық қоғам қатысуы керек. Жұмыс нәтижесінде тұрақты және әділ зейнетақы жүйесі жасалады.
"Әйелдерге тән оюды ерлер пайдаланып жүр": Қазақстандық дизайнер жұлдыздардың ою-өрнекті орынсыз пайдаланып жүргенін сынға алды