Қазақстанда Тина Канделакидің бизнесі бар болып шықты
Қазақстанда ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің бет пен дене күтіміне арналған косметика желісі жұмыс істейтіні белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Instagram @ansaligy
Тина Канделакимен болған жанжалдан соң оның Қазақстанда бизнесі бар-жоғы тексерілді. Ресейлік журналистің бет пен дене күтіміне арналған косметикасының өзіндік желісі бар екені белгілі болды. Оны Канделаки "инновациялық" деп атайды.
Компания сайтында Тина Канделаки мен құрбысы Линда Гусеваның бірігіп Мәскеуде халықаралық SPA клиникасын ашқаны айтылған.
"Үлкен қалада белсенді өмір салтын ұстанатын әйелдерге арналған Ansaligy өнім желісі ашылды", - деп жазылған компания сайтында.
Бұл брендпен алғашқы өнімдер 2016 жылы пайда болған. Косметикаға қазақстандық маркетплейстен тапсырыс беруге болады. Алайда компанияның Қазақстанда ресми өкілдігі бар-жоғы белгісіз.
Өнімдердің құны 10-50 мың теңге аралығында. Компанияның қазақстандықтар үшін арнайы Instagram парақшасы да бар. Дегенмен, соңғы жарияланым 2023 жылдың қыркүйегінде жасалған.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік журналист Тина Канделаки Telegram-арнасына жазба жариялап, “Қазақстан орыс тілін мемлекеттік деңгейде ығыстырып жатыр" деп айыптаған еді. Оның бұл айыптауына журналист Динара Сәтжан жауап берді.
Сондай-ақ Тина Канделакиге осы мәлімдемесінен соң Қазақстанға кіруге тыйым салынған болатын.