Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шетелдік ғалымдар отандық мамандардан 50 есе көп жалақы алып келген

Фото: istockphoto.com

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ғылымды қаржыландыру жүйесінде елеулі теңсіздіктерді анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Агенттік ғылым саласын қаржыландыру аспектілерінің сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді. Талдау ғылыми жобаларды таңдау және іске асыру барысында жүйелік олқылықтарды анықталған.

“13,5 мың сарапшының шамамен 75%-ы іс жүзінде жұмысқа қатыспағаны белгілі болды. Кейбір жағдайларда сараптама формалды түрде жүргізіліп, нәтижелері жекелеген үміткерлердің пайдасына түзетілген. 30 зерттеу бойынша объективтілік қағидаттарының бұзылуы анықталып, олардың жалпы құны 11,5 миллиард теңгені құрады”, – делінген хабарламада.

Сарапшы қызметінің құнын есептеу бойынша да шетелдік және отандық ғалымдар арасында теңсіздік пайда болғаны анықталды.

“Сарапшы қызметінің құнын есептеу бойынша жаңа әдістеме бекітілді. Еңбек ақыдағы айтарлықтай теңсіздік жойылды, бұған дейін шетелдік мамандарға шамамен 400 мың теңге төленсе, отандық сарапшылар орта есеппен 8 500 теңге алған. Еңбекақы төлеуге бірыңғай тәсіл енгізілді”, – делінген агенттік хабарламасында.

Талдау қорытындысы бойынша 100-ден астам ұсыныс әзірленіп, оларды енгізу жұмыстары басталып кеткен. Енді Қазақстанда ғалымдардың еңбекақысын есептеудің жаңа әдістемесі бекітіліп, қазақстандық және шетелдік мамандарға бірыңғай тәсіл енгізілді.

“Аталған шаралар 2026 жылға жоспарланған 270 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етіп, басқарудың ашық жүйесін қалыптастырады”, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін оқу-ағарту министрлігі бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында есеп беру үшін өткізілетін форумдар мен жиындарды қысқартатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 25 Ақпан, 2026 21:45