Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда салықтың саны қысқарады

Қазақстанда салық түрі азаятын болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы экономика министрі Руслан Дәленов үкімет отырысы кезінде мәлім етті. Министрдің сөзінше, экономиканың қатты зардап шеккен секторларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек. 

"Бүгінгі күні Салық кодексінде 12 салық, 48 кіші салық түрлері, 10 төлемақы және 6 алым көзделген. Тиісінше, салықтар мен төлемдер санын барынша азайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Экономиканың аса көп зардап шеккен секторлары үшін баламалы негізде айналымнан бөлшек сауда салығын төлеу құқығын қолдану мәселесі зерделенеді", - деді ол.


Сондай-ақ, министр салық мөлшерлемелерін бірқалыпқа келтіру мәселесі талқыланып жатқанын жеткізді. 

"Бюджеттің түйінді коэффиценттері жиынтығы әзірленеді. Бюджет саясатының тиімділігі мен тұрақтылығын бағалау енгізіледі. «Кеңейтілген бюджетті» енгізу аясында шоғырландырылған бюджетке бюджеттен тыс қорды қосу арқылы мемлекеттік қаржыны кешенді бағалау енгізіледі", - деді Руслан Дәленов.

Талқылау