Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 350 мың теңгеден асты

2023 жылдың үшінші тоқсанында елдегі жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 350,5 мың теңгеден асты. Бұл бір жыл бұрынғыдан атаулы мәнде 16,9 пайызға артық. Ал инфляцияны есепке алғанда нақты өсім 3,5%-ға тең. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Өткен жылдың осы кезеңінде орташа айлық жалақы 299,8 мың теңге болған. Өңірлер бойынша ең жоғары орташа жалақы Атырау облысының тұрғындары арасында тіркелді: 602,4 мың теңге – бір жыл бұрынғыдан номиналды түрде 14,3%-ға және нақты мәнде 2,8%-ға артық.

Көш бастаған өңірлер қатарында Маңғыстау (519,1 мың теңге, + нақты мәнде 2,2%) және Ұлытау (471,3 мың теңге, + 5,4%) облыстарын атап өтуге болады.

Ең төменгі орташа айлық жалақы Түркістан облысының тұрғындары арасында белгіленді: бар болғаны 248,9, бір жыл ішіндегі өсім 1,8%. Аутсайдерлердің үштігіне Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары да кірді.

Салалар бойынша ең жоғары орташа айлық жалақыны тау-кен өндіру және карьер қазу өнеркәсібінің жұмысшылары алады. Олардың жалақысы 756,7 мың теңге, яғни бір жыл бұрынғыдан номиналды түрде 16,5%-ға көп.

Ең көп төлейтін салалардың үштігіне қаржы және сақтандыру қызметі (668,9 мың теңге), ақпарат және коммуникация саласы (525,8 мың теңге) кіреді.

Елдегі ең төменгі жалақының кейбірі өнер, ойын-сауық және демалыс, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, су және ағынды су шаруашылығы салаларында тіркелді.

Талқылау