Қазақстанда оқитын ауған студенттерін жеткізу үшін чартерлік рейс жоспарланды
Елімізде оқитын ауған студенттері чартерлік рейс арқылы Қазақстанның жоғары оқу орындарына қайтарылады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан-ға Білім министрлігі халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Эльмира Асан айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Күні кеше ғана БҰҰ Даму бағдарламасы мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен кездесу өткіздік. Қазіргі уақытта біз оқуын бітірген және кете алмайтын ауған студенттері мен осында оқитын немесе оқуын жалғастыратындар туралы ақпарат жинап жатырмыз. Бәрінен бұрын... Біз қазір оларды чартерлік рейске жинауды жоспарлап отырмыз, осылайша олардың барлығын Қазақстанға жеткізе аламыз”, - деді ол бейсенбі күні.
Оның айтуынша, чартерлік рейс тек Қазақстанда оқитын студенттерді тасымалдау үшін ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Оқуын аяқтаған және Қазақстанда болу мерзімі аяқталған ауған студенттерінің мәселесі Білім министрлігінің құзыретіне кірмейді деп атап өтті Асан.
"Біз қазір ұйымдасқан әрекеттер жүргізіп жатырмыз. Бізде президенттің Ауғанстандық студенттерге көмектесу туралы тапсырмасы бар. Бұл үшін барлық мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс жасауда”, – деп қосты ол.
Ұшақтың дәл қашан ұшатынын Білім министрлігінің өкілі айтып бере алмады.
"Бізге қанша уақыт қажет екенін айта алмаймыз себебі бұл уақыттың еншісінде. Кеше біз Ауғанстандағы Қазақстан елшілігімен сөйлестік, олар 31 тамызға дейін тәліптер американдық сарбаздардың елден кетуіне уақыт бергенін айтты. Осыдан кейін, мүмкін, әуежай ашылып, чартерлік рейс мәселесі шешілетін шығар”, – деп түйді Асан.
Бірнеше жыл бойы Қазақстан Ауғанстаннан келген студенттерге арналған білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Екі ел арасындағы келісімдерге сәйкес, Ауғанстанның мыңға жуық азаматы Қазақстанда жоғары білім алады, студенттер шәкіртақы алып, медициналық көмек көрсетіледі сондай-ақ, жол ақысы төленеді. Бұған дейін бұл бағдарламаның жалпы құны 50 миллион доллар екені хабарланған болатын.