Қазақстанда лотерея терминалдарының жұмысы жандана ма – Туризм вице-министрі жауап берді
Туризм және спорт министрлігі лотерея терминалдарының жұмысын жандандыруға рұқсат бермес бұрын, олардың түрін өзгертуді көздеп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Lotomatic лездік лотерея терминалдарының жұмысына енгізілетін өзгерістер туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев айтып берді.
30 қаңтардан бастап “Сәтті жұлдыз” елдегі Lotomatic лездік лотерея терминалдарының жұмысын уақытша тоқтатты. Дегенмен кей жерлерде Lotomatic сары-көк ресми терминалдарына ұқсайтын жалған аппараттар жұмыс істеп тұр. Туризм және спорт министрлігі осы секілді терминалдарды байқап қалсаңыз хабарлауды сұрайды.
"Елордада және өңірлерде лотерея терминалдарына визуал іріктеп бақылау жүргізетін мобильді мониторингтік топ құрылды. Осы үзілісті пайдалана отырып, біз лотерея операторымен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп нарықты заңсыз аппараттардан тазартуды, сонымен қатар әкімдіктер мен полиция қызметкерлеріне ресми лотоматиктердің заңсыз аппараттардан айырмашылығы туралы семинар өткізуді жоспарлап отырмыз", – деді Мирас Төлебаев.
Төлебаевтың айтуынша, қазір ведомство лотерея операторымен бірлесіп, ойын автоматтарына ұқсамау үшін Lotomatic терминалдарының интерфейсін өзгертіп жатыр.
Сонымен қатар вокзал, азық-түлік дүкендері және сауда орталықтары сияқты жерлерде орналасқан автономды лотерея терминалдары бөлшектеледі, содан кейін оларды арнайы лотерея дүкендеріне жинау жоспарланып отыр. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін заңды лотерея терминалдары жұмысын жалғастырады.
Қорытындылай келе, Төлебаев ойын және лотерея бизнесіне қатысты дайындалып жатқан заңнама түзетулері туралы айтты, олар лотерея өнімдерін тұрғын үй, жатақхана және діни, білім беру орындарында, медициналық және мәдени мекемелер сияқты әртүрлі қоғамдық жерлерде таратуға тыйым салатын ережеден тұрады .
Бұған дейін мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаев дүкендерде, жертөлелерде және мектеп іргесінде орналасқан ойын автоматтарын тексеріп, оларға тыйым салып, заңмен қатаң шектеу керегін, себебі ойын автоматтарына балалар да үйір бола бастағанын айтқан еді.