Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қаржы пирамидасын құрған ресейлік 11 жылға сотталды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ресей азаматын аса ірі көлемдегі ақшаға қатысты трансұлттық ұйымдасқан топты құрып, басқарғаны және қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: depositphotos.com

Астана соттарының дерегінше, Ресей Федерациясының азаматы К 2016 жылдың наурызы мен 2017 жылдың маусым айы аралығында басқа адамдармен бірге трансұлттық ұйымдасқан топтың құрамында алдын ала сөз байласу арқылы қаржы пирамидасын құрып, салымшыларды тартты.

Бұл тұлғалар "Questra Holding ins" компаниясын құрып, кейін 2016 жылы бірі инвестициялық компания ретінде "Atlantic Global Asset Management", екіншісі брокерлік компания "Questra World" болып екі компанияға бөлінді.

Қылмыстық іс-әрекеттердің салдарынан қылмысқа қатысушылар Қазақстанның 529 азаматына жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам материалдық залал келтірді. Олар өз кезегінде жоғарыда аталған адамдарға және басқа да белсенді агенттерге сеніп, алданып, компанияның ойдан шығарылған инвестициялық жобаларына өздерінің жеке ақшалай қаражаттарын салған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді. Прокурор бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы бұл ұйымдарға ешқандай қатысы жоқ екенін атап, кінәсін мойындамады. Қорғаушы тарап сотталушы К-ны ақтауды сұрады.

“Сот сотталушының жас балаларының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен К есімді ер адам ҚК 264-бабының (Трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) 1-бөлігінде және 217-бабы (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) 3-бөлігінің 1, 2) тармақтарындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Жасалған қылмыстардың ауырлығы мен мән-жайларын, жәбірленушілердің пікірін ескере отырып, сот сотталушыға қылмыстар жиынтығы бойынша ҚК-нің 58-бабына сәйкес (Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау) 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”, – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында салымшыларды 60 миллион теңгеге алдаған "World Business Consulting" қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотталды. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өздерін Қазақстанда ресми тіркелген халықаралық инвестициялық компания өкілдері ретінде таныстырып, Ақтөбеде презентациялар өткізген. Сот үкімімен екі азамат кінәлі деп танылып, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілерге келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Талқылау