Қазақстанда енді букмекерлік кеңселер азаматтарға SMS-хабарлама жібере алмайды
Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев құмар ойындары мен лотерея қызметін реттеуге қатысты заңнамалық жаңалықтар туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: hi-tech.ru
Тиісті заңға 8 шілдеде қол қойылды.
Вице-министрдің айтуынша, құмар ойындары мен бәс тігулерді жарнамалауға, оның ішінде SMS хабарламалар жіберу арқылы жарнамалауға да тыйым салынады.
"Букмекерлік кеңселердің сыртқы жарнамасына, оның ішінде көлік құралдарындағы жарнамасына да тыйым салынады. Тек букмекерлік кеңселердің, спорт ғимараттарының және спортшылардың жабдықтарында ғана жарнамалауға рұқсат етіледі. Осыған ұқсас ереже бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде интернет-ресурстарға да қарастырылған. Сондай-ақ бұдан былай азаматтар букмекерлік кеңселерден SMS-хабарламалар да алмайды", – деді вице-министр.
Сонымен қатар борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген тұлғалардың құмар ойындарын ойнап және бәс тігуіне тыйым салынады. Ал бұл тізімде шамамен 3,5 миллион адам бар.
Еске салсақ, бұған дейін сенат депутаттары елдегі ойынға тәуелділікпен күрес, лотерея қызметіне қатысты заңды мақұлдаған еді.