Қазақстанда электромобильдерге қатысты жаңа ережелер қабылданды
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті электромобильдерге міндетті жаңа стандарттарды бекітті. Тиісті бұйрық мемлекеттік органның сайтында жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: www.wyevcharger.com
Құжатқа сәйкес, енді әр елді мекенде электрлі көліктерді қуаттайтын инфрақұрылым қамтамасыз етілуге тиіс.
Зарядтау орындарын жанар-жағармай құю станцияларында, техникалық қызмет көрсету орындарында, автотұрақтарда, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының жанында, сондай-ақ тұрғын, қоғамдық, кәсіпкерлік және өндірістік аумақтарда орналастыруға болатыны айтылды.
Автотұрақтарда электр зарядтау станциясымен жабдықталған электромобильдерге арналған тұрақ орындарының кемінде 5%-ын қамтамасыз ету қажет. Олар топтастырылып, жердің/бөлменің бетінде бөлек белгімен белгіленеді.
Тұрақ орындары автоматты өрт сөндіру жүйелерімен жабдықталуы керек. Электр желісін қорғау дәрежесі IP 54-тен кем емес және қалдық ток құрылғысы бар зауытта жасалған зарядтағышты ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Жабық тұрақтарда зарядтау жабдығы сыртқы қабырғаларға жақын, ал көп деңгейлі тұрақтарда жоғарғы қабатта орналасуы керек.
"Жабық тұрақтарда зарядтау станцияларымен жабдықталған электр көліктеріне арналған орындар бірінші жер асты немесе жертөле қабатынан төмен емес орналастырылуы мүмкін және көлік құралдарын пайдалану кезінде жанғыш заттарды шығармайтын, жарылыс және өрт қауіпті ортаны қалыптастыруға қабілетті аккумуляторлармен зарядтау үшін ғана пайдаланылады", – делінген құжатта.
Жанармай құю станцияларында жылдам және өте жылдам зарядтау станцияларын орнату ұсынылады. Бұл ретте кем дегенде бір зарядтау орны мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді болуы керек.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстанда 7,6 мың электромобиль бар. Салыстырсақ, 2022 жылдың желтоқсанында олардың саны бүкіл ел бойынша 570 болған.
Электромобильдердің ең көп саны Алматыда (4,3 мың), одан кейін Астанада (945) және Алматы облысында (354) тіркелген. Ең аз электромобильдер Абай ауданында – 14.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан электромобильдерді баж салығынсыз кіргізу мерзімін 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартқаны туралы хабарлаған едік.
Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2023 жылғы 24 қарашадағы №134 шешімімен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына кіретін электромобильдерді кедендік баж салығынан босату түріндегі тарифтік жеңілдік мерзімі ұзартылды.