Тарихи рекорд: Доллар 470 теңгеден жоғары бағамен сатылуда, айырбастау пункттері жұмысын тоқтатты
Шетелдік валюта бірден 15 теңгеге қымбаттады. Бір күн бұрын, яғни 23 ақпанда сағат 17:00-дегі мәлімет бойынша Қазақстанда бір доллар құны 437 теңге болды.
Kurs.kz сайтының хабарлауынша, Нұр-Сұлтандағы ақша айырбастау орындарының барлығында дерлік долларды сату уақытша тоқтатылды, еуро саудасының жағдайы да осындай.
1 долларды орташа есеппен 460 теңгеден сатып алып, 463,05 теңгеден сататын үш айырбастау пункті жұмыс істеп тұр.
Алматыда ақша айырбастау орындарының көбі долларды сатып алуды және сатуды жалғастырып жатыр.
Алайда он шақты айырбастау пункті сауданы тоқтатты.
Мегаполисте бір доллар орта есеппен 460 теңгеден сатып алынып, 465-469 теңгеден сатылып жатыр. Кей жерлерде 474 теңгеге дейін көтерілді.
Ұлттық банктің 24 ақпандағы ресми бағамы -1 доллар үшін 437, 22 теңге.
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) таңғы сауданың қорытындысы бойынша Қазақстанда доллар бағамы бір доллар үшін 452, 49 теңгені құрады.
Бұған дейін Ұлттық банк кезектен тыс шешім шығарып, базалық ставканы 10,25 проценттен 13,5 процентке өсіргенін хабарлаған болатынбыз.